Футболдан бір құрлықтың үш елінде өтіп жатқан 23-әлем чемпионатының плей-офф кезеңі басталып кетті. Аяқ доп аламанына Африка құрлығынан 10 ел қатысып, тоғызы плей-оффқа шықан. Түнде соның алғашқысы Оңтүстік Африка Республикасының құрамасы турнирді аяқтады.
Ал осы біріншілікте сәтсіз өнер көрсеткен Түркия құрамасын осыдан екі апта бұрын барлық сән-салтанатымен шығарып салған халық, оларды әуежайдан күтіп алмады. Оңтүстік Кореяның Президенті Ли Чжэ Мен болса, Ұлттық құрмадағы жағдайға жан-жақты талдау, сараптау тіпті керек болса, тергеу жүргізуді елдің Мәдениет, спорт және туризим министріне шегелеп тұрып тапсырды. Осы біріншілікте сәтсіз өнер көрсеткен Уругвай құрамасының жағдайы тіптен, қызық. Ел билігі оларды турнирге арнайы алып барған әуекемесін кері қайтарып алып, жеңілген жерлестері елге өз аяқтарымен қайтсын деген шешіп шығарыпты...
Сонымен бүгін түнде Канада құрамасы Оңтүстік Африканы 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алды. Лос-Анджелестегі «Соу-Фай» стадионында өткен бұл кездесу 2026 жылғы мундиальдың плей-офф (1/32 финал) кезеңінің шымылдығын түрген. Ойынның алғашқы бөлігінде қос команда өте сақ ойнады. Канадалықтар допқа көбірек иелік еткенімен, ОАР берік қорғаныс пен қауіпті қарсы шабуылдарға арқа сүйеді. Бірінші таймның соңында Канада футболшысы Ричи Ларьеа айып алаңында құлап, бас бапкер Джесси Марш пенальти талап еткен. Алайда, VAR жүйесін тексергеннен кейін төреші пенальти бермеді. Бұл стадиондағы канадалық жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Жарақатына байланысты топтық кезеңді толық өткізіп алған Канада капитаны Альфонсо Дэвис осы матчта алаңға алғаш рет шықты. Оның сол қанаттағы белсенділігі мен жылдамдығы екінші таймда Канаданың шабуылына айтарлықтай серпін берді.
Оңтүстік Африка құрамасы матч бойы өте жинақы ойнады. Тани Олувасейи мен Джонатан Дэвидтің қауіпті соққыларын ОАР қорғаушысы Мбекезели Мбокази қақпа сызығынан қайтарып, командасын бірнеше рет голдан құтқарды. Матч овертаймға жалғасады деген сәтте, қосымша уақыттың екінші минутында ОАР қорғаушыларының баспен қайтарған добы айып алаңының сыртында тұрған Стивен Эуштакиудың алдына топ ете қалды. Ол допты тоқтатпастан шірене тартқан. Доп қақпа бұрышына қадалды да қалды. Әрі, дәл осы гол матчт тағдырын шешті. Ал Стивен Эуштакиу жеңіс голының авторы ғана емес, матчтың ең үздік ойыншысы атанды. Ол бұл ойында стандартты позициялардан (бұрыштама, айып соққылары) 5-тен көп қауіпті соққы жасады. Әлем чемпионаты тарихында плей-офф матчында мұндай көрсеткішке тек 2006 жылы Италия аңызы Андреа Пирло ғана қол жеткізген.
Командасы жеңілгенімен ОАР қақпашысы Уильямс та тарихи рекорд орнатты. Ол матч барысында 85 дәл пас беріп, әлем чемпионаттары тарихында бір ойында ең көп дәл пас берген қақпашы атанды. Бұған дейінгі рекорд Мануэль Нойерге тиесілі еді -51 пас. Канада осы ойында шабуыл шебінде басымдық танытқанымен, сапасыз соққылар ұзақ уақыт еш нәтиже бермеді. Оңтүстік Африка өз деңгейінде өте лайықты қарсылық көрсетті. Бірақ соңғы минуттарда концентрация жоғалтып алғандықтан турнирмен қоштасты.
Бекәлі Жәдік