Франция астанасы Парижде аптап ыстық салдарынан бір тәуліктің ішінде 109 адам қайтыс болды. Бұл елдің жедел жәрдем қызметі тіркеген деректер ғана.
Францияның Ұлттық жерлеу қызметтері федерациясының ресми өкілі Готье Катонның айтуынша, аптап ыстық салдарынан қайтыс болғандар санының күрт артуына байланысты Париждегі мәйітханаларда бос орын қалмаған.
«Жағдай күрделеніп барады. Өкінішке қарай, Париждегі жерлеу бюроларына қарасты барлық мәйітханалар лық толды», – деді ол BFM TV телеарнасына берген сұхбатында.
Францияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханаларды салқындату жүйелерімен жабдықтау үшін 100 млн еуро бөлінген.
Соңғы күндері Еуропаның бірқатар елінде аптап ыстық күшейді. Францияда ыстықтан сая іздеген кемінде 40 адам суға кетіп қаза тапса, Испанияның кей өңірлерінде ауа температурасы +45 градусқа дейін жеткен. Соның салдарынан электр энергиясын жеткізуде іркілістер туындап, көлік қозғалысына шектеулер енгізілді, мектептер уақытша жабылды.