homepage
Фото: FIFA

Месси өз рекордын өзі жаңартты

28.06.2026, 13:07

Бүгін түнде өткен ойындар тағы да рекорд пен драмаға толы болды. Ол Мессидің осы чемпионатта өзі орнатқан рекордты өзі жаңартуымен есте қалмақ.

Алжир мен Австрия арасындағы ойын соңғы минуттарда соғылған голдан кейін кезекті сенсацияны сетінеттті. Ал өз ағамыз Өзбекстан бүгін ертең ауылына қайтады.

Бүгін Англия құрамасы Панаманы 2:0 есебімен жеңіп, L тобында бірінші орынға ие болды. Нью-Джерсидегі «МетЛайф» стадионында өткен бұл кездесу Томас Тухель шәкірттері үшін оңайға соққан жоқ. Жаңбырдың астында өткен алғашқы таймда Англия допқа иелік еткенімен, Панаманың қорғанысын бұза алмады. Оның үстіне, Панама қарсы шабуылдармен Джордан Пикфорд қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді.

Екінші таймда Англия ашылды. Қысымды күшейтті. 62-минутта Букайо Саканың бұрыштамадан асырған добын Джуд Беллингем сол аяғымен қақпаға бағыттап, есеп ашты. Араға бес минут салып 67-минутта Беллингем сол қанаттан әуелете доп асырды, ал капитан Харри Кейн баспен соққы жасап, есепті еселеді. 2:0. Бұл Кейннің әлем чемпионаттарындағы 11-ші голы. Ол осылайша Англия тарихындағы мундиальдардың ең үздік сұрмергені атанған Гари Линекерді (10 гол) басып озды.

Ал Панама құрамасы бұл әлем чемпионатын бірде-бір ұпайсыз және голсыз аяқтап, турнирмен қоштасты. Соңғы минуттарда Хосе Фахардо гол соққанымен, ол офсайд салдарынан есепке алынбады. Осыылайша L тобында 7 ұпаймен Англия көш бастады.

Хорватия құрамасы Гананы 2:1 есебімен жеңіп, осы топта яғни L тобында екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды. Филадельфиядағы «Линкольн Файненшиал Филд» стадионында өткен бұл кездесу тартысты әрі драмаға толы болды. Ойынның алғашқы 15 минутында екі команда да барынша сақ ойнап, қақпаға соққы бағытталмады. Тек 17-минутта Никола Влашичтің соққысы қақпа бағанына тиіп, хорваттардың алғашқы қауіпті шабуылы тіркелді. 31-минутта Матео Ковачичтің пасынан кейін 22 жасар жартылай қорғаушы Петар Сучич шамамен 30 метрден жерлете қатты соққы бағыттап, есеп ашты. Бұл гол оны Хорватия тарихында әлем чемпионатында гол соққан ең жас екінші ойыншы етті.

Екінші таймда ширақ қимылдаған Гана есепті теңестірді. 73-минутта айып соққысынан асырылған допты Деррик Люккассен қақпаға дәл салған. Төрешілер офсайд күдігімен VAR жүйесін бірнеше минут тексеріп, голды ресми түрде есепке алды. 83-минутта Хорватия капитаны Лука Модрич бұрыштамадан допты тамаша асырды, ал айып алаңында қорғаушылардан сытылып шыққан Никола Влашич баспен соққы жасап, командасына жеңіс сыйлады. Осы жеңістен кейін Хорватия 6 ұпаймен топта екінші орынға көтеріліп, 1/16 финалға тікелей өтті. Гана құрамасы жеңілгеніне қарамастан, 4 ұпаймен үздік үшінші орын алған командалардың қатарында плей-офф жолдамасын сақтап қалды.

Колумбия мен Португалия құрамалары арасындағы ойын 0:0 есебімен тең аяқталып, Колумбия К тобында 7 ұпаймен бірінші, ал Португалия 5 ұпаймен екінші орын алып, екеуі де плей-офф кезеңіне өтті. Майами стадионында өткен бұл кездесу есеп ашылмаса да, өте тартысты, жылдам әрі қауіпті сәттерге толы болды. Ойынның басынан бастап Колумбия құрамасы допқа көбірек иелік етіп, Португалия қақпасына үздіксіз шабуыл жасады. Олар жалпы есеппен 24 рет соққы бағыттады. Бұл Колумбияның әлем чемпионаттары тарихындағы рекорды.

Португалия қақпашысы Диого Кошта 6 сейв жасап, командасын бірнеше голдан құтқарып қалды. Колумбия қақпашысы Камило Варгас та Бруну Фернандештің қауіпті соққысын қайтарды. Колумбия капитаны Хамес Родригес алаңда өте белсенді ойнап, 5 рет голға айналатын мүмкіндіктерге мұрындық болды. Ал Португалия капитаны Криштиану Роналду үшін бұл ойын ауыр соқты. Оған не дұрыс доп жетпеді, ал жанкүйерлер ол допқа тиген сайын ысқырып, қысым көрсетті. Оның айып соққысынан тепкен жалғыз қауіпті добы қақпашының қолынан табылды. Ойынның ең шулы сәті матч соңында болды. Колумбиялық қорғаушы Давинсон Санчес баспен гол соғып, стадионды дүр сілкіндірді. Алайда, VAR жүйесі оның аяғының ұшы офсайдта қалды деп тауып, голды есепке алмай тастады. Бұл шешім көптеген сарапшылар арасында алдағы уақытта үлкен дау тудырары сөзсіз. Осы ойында португалиялық Витинья 54 пастың барлығын қатесіз беріп, 100% дәлдік көрсеткішімен әлем чемпионатының рекордын орнатты.

Келесі кездесуде Конго ДР құрамасы Өзбекстанды 3:1 есебімен жеңіп, К тобынан плей-офф кезеңге (1/16 финал) сенсациялық түрде жолдама алды. Атлантадағы «Мерседес-Бенц Стадиумда» өткен бұл матч конголықтар үшін тарихи күн болды, өйткені бұл олардың әлемдік мундиальдар тарихындағы тұңғыш жеңісі. Бұл ойынды ширақ бастаған азиялық ұжым ерте есеп ашты. Акмаль Мозговойдың тамаша пасынан кейін капитан Эльдор Шомуродов допты қақпашының үстінен әдемі асырып, торға тоғыта сады. Бірінші таймда конголық Натанаэль Мбюкю гол соққанымен, VAR жүйесі оның шабуыл кезінде ереже бұзғанын анықтап, голды жоққа шығарды.

Екінші таймда Конго тактикасын өзгертіп, шабуылды үдетті. Өзбектің мақтаулы қорғаушысы Абдукодир Хусанов айып алаңында Йоан Виссаны шалып жыққан. Йоан Висса пенальтиді өзі орындап, есепті теңестірді. 78-минутта шабуылшы Фистон Майеле оң қанаттан Мечак Элия асырған допты жақын бұрышқа дәл бағыттап, Конгоны алға шығарды. Ал матчтың соңғы секундтарында Йоан Висса айып алаңының сыртынан қиғаштай соққы жасап, дубль авторы атанды және командасының жеңісін шегеледі. Дебютант Өзбекстан құрамасы үш ойында да жеңіліп, 0 ұпаймен әлем чемпионатын аяқтады. Ал Конго 4 ұпай жинап, үшінші орын алған үздік құрамалардың қатарында плей-оффқа жолдама алды.

Алжир мен Австрия құрамалары арасындағы ойын 3:3 есебімен тең аяқталып, Әлем чемпионаты тарихындағы ең ерекше әрі драмалық матчтардың бірі осы ойын болды. Канзас-Сити стадионында өткен кездесуде қос команда да плей-офф жолдамасын иеленді. Австрия J тобында 4 ұпаймен екінші, ал Алжир 4 ұпаймен үздік үшінші орынмен келесі кезеңге өтті. Бұл кездесудің тарихи астары тереңде. 1982 жылғы әлем чемпионатында Австрия мен Батыс Германия өзара келісіп ойнап («Хихон масқарасы»), Алжирді турнирден ығыстырған болатын. Араға 44 жыл салып, алжирліктер сол тарихи кекті қайтару үшін алаңға барын салып шықты. 28-минутта Австрияның ардагері Давид Алабаның тамаша пасынан кейін ел тарихындағы ең үздік сұрмерген Марко Арнаутович есеп ашты. 45-минутта бірінші таймның аяқталар тұсында алжирлік Рафик Бельгали оң қанаттан суырылып шығып, таразы басын теңестірді. Есеп 1:1.

54-минутта австриялық жартылай қорғаушы Конрад Лаймердің берген пасын Марсель Забитцер сағатына 100 шақырымнан асатын жылдамдықпен жойқын соққы жасап, қақпа торын тулатқан. Іле 60-минутта сол қанаттан басталған шабуылды Алжир капитаны Рияд Марез сәтті пайдаланып есепті тағы теңестірген. 2:2.

Матчтың соңғы минуттарында қос команда да тең есепке қанағаттанып, допты бір-біріне жаймен пас беріп тұрғандай көрінген. Алайда, соңғы секундтарда күтпеген жағдай орын алды. Алжир шабуылшылары австриялықтардың қорғаныстағы қателігін пайдаланып, кенеттен үшінші голды соғып кетті. Егер ойын осылай аяқталса, Австрия турнирді аяқтап, оның орнына Иран құрамасы плей-оффқа өтетін еді. Соңғы секундтарда бүкіл Австрия құрамасы жанталаса алға ұмтылды. Матчтың ең соңғы шабуылында алаңға жаңадан шыққан шабуылшы Саша Калайджич баспен гол соғып, командасын аяқасты бола жаздаған «апаттан» құтқарып қалды. Есеп 3:3. Осылайша Австрия 1954 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Ал Алжир келесі кезеңге үшінші орынмен өтті.

Аргентина құрамасы Иорданияны 3:1 есебімен жеңіп, J тобында 9 ұпаймен көш бастады. Ал Лионель Месси әлем чемпионаттары тарихында қатарынан 7 матчта гол соққан алғашқы ойыншы атанып, тағы бір тарихи рекорд орнатты. Техас штатындағы «Даллас Стэдиум» аренасында өткен бұл кездесуде Лионель Скалони негізгі құрамға бірқатар өзгерістер енгізіп, Мессиді қосалқы құрамда қалдырды. Ойынның басында-ақ аргентиналықтар басымдықты қолға алды. 19-минутта жартылай қорғаушы Джовани Ло Чельсо айып алаңының сыртынан (шамамен 25 метрден) айып соққысын тамаша орындап, есеп ашты. 31-минутта шабуылшы Лаутаро Мартинес пенальти қатесіз орындап, әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты.

Екінші таймда алаңға тыңнан қосылған иорданиялық жұлдыз Муса аль-Тамари капитан Ихсан Хаддадтың 55-минутта асырған добын сәтті пайдаланып, есеп айырмасын қысқартты. 1:2. Алайда 60-минутта алаңға шыққан Лионель Месси өзіне қарсы жасалған ереже бұзылған соң айып соққысын өзі орындап 8, минутта есепті 3:1-ге жеткізді. Осылайша 39 жастағы Лионель Месси әлем чемпионаттарында қатарынан 7 кездесуде гол соққан тарихтағы тұңғыш ойыншы атанды. Ал жалпы голдарының санын 19-ға жеткізіп, осының алдындағы ойында өзі жаңартқан рекордты тағы да өзі жаңартты. Сөйтіп осы жеңістен кейін Аргентина 9 ұпаймен топтық кезеңді мінсіз аяқтап, J тобының көшін бастады. Ал әлем біріншілігінің тағы бір дебютанты Иордания 3 жеңілістен кейін турнирмен қоштасты. 

Бекәлі Жәдік