homepage
фото: FiFA

Топтық кезеңдегі тартыстар немесе үшінші орын үшін шайқас

Бүгін, 12:01

Бостондағы «Джиллетт Стэдиум» аренасында өткен Франция мен Норвегия арасындағы матч Оусман Дембеленің бенефисіне айналып, 4:1 есебімен француздардың пайдасына аяқталды. 2026 жылғы Әлем чемпионатының топтық кезеңін қорытындылаған бұл кездесу өте тартысты әрі голдарға бай болды.

Ойын басталмай жатып, Норвегия бапкері негізгі құрамның 10 ойыншысын (соның ішінде Эрлинг Холандты) қосалқы құрамда қалдырғаны белгілі болды. Олар келесі кезеңге өтіп қойғандықтан, жұлдыздарын плей-оффқа сақтауды жөн көрген. Франция бұл мүмкіндікті бірден пайдаланды. 21-ші секунд-ақ, Килиан Мбаппе оң қанаттан суырылып шығып, жойқын соққы жасады, бірақ доп маңдайшаға тиіп кері қайтты. 7-ші минутта Мбаппенің алаңды көлденең кесіп өткен тамаша пасынан кейін доп Дембелеге жетті. Усман оң қанаттан ортаға қарай ығысып, сол аяғымен қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Қақпашы Эгиль Сельвик допқа жете алмады. Есеп 1:0.

20-шы минутта Дембеле айып алаңының сыртында үш қорғаушының ортасынан бос кеңістік тауып, тағы да сол аяғымен қақпаның төменгі оң жақ бұрышына соққы бағыттады. Доп тағы да тордан табылды. Есеп 2:0. Артынша 21-ші минутта Норвегия есеп айырмасын қысқартты. Ойын ортадан басталғаннан кейін тура 14 секундтан соң, Тело Осгорд француз қорғаушысы Дайо Упамеканоны алдап өтіп, Майк Меньянды қапы қалдырды. Есеп 1:2. 32-ші минутта тағы да сол Дембеле өзінің фирмалық стилімен қорғаушы Фредрик Бьорканды алдап өтіп, үшінші рет қақпаның төменгі оң жақ бұрышын дәл көздеп, хет-трик жасады. Бұл Әлем чемпионаты тарихындағы 1994 жылдан бергі алғашқы «бірінші таймдағы хет-трик» болып тіркелді.

Екінші таймда Норвегия белсенді шабуылдарымен бастаған. 49-шы минутта норвегиялық Оскар Бобб оң қанаттан айып алаңына кіргенде, Орельен Чуамени оны шалып жықты. Бірақ Бобб құлаған жоқ. Алайда іле-шала Тео Эрнандес аяғын тығып, оны анық құлатты. Төреші Майкл Оливер пенальти белгіледі. 50-ші минутта Йорген Странд Ларсен пенальтиді оң жақ бұрышқа тепті, бірақ оның соққысы өте әлсіз болды. Франция қақпашысы Майк Меньян бағытты дәл тауып, допты оңай қайтарып жіберді. Бұл сәт Норвегияның ойынға қайта оралу үмітін толық үзді. Матчтың соңғы минуттарында Франция допты толық бақылауда ұстады.

90+4-ші минутта яғни, төреші қосқан қосымша уақытта Брэдли Барколя сол қанаттан әуелете пас шығарды. Айып алаңының ішінде өзіне мүлдем тән емес стильде жоғары секірген 21 жасар Дезире Дуэ баспен соққы жасап, допты торда тулатты. Бұл оның Әлем чемпионаттарындағы алғашқы голы. Бұл ойында К.Мбаппе әлем чемпионаттары тарихындағы гол+пас жүйесі бойынша 20-шы ұпайына қол жеткізді. Сөйтіп, Франция 9 ұпаймен топта бірінші орын алып, плей-оффта ендң Швециямен кездеседі. Норвегия жеңілсе де, 6 ұпаймен екінші орыннан шықты және Кот-д’Ивуарға қарсы ойынға негізгі құрамын толықтай тың күйде шығара алады.

Торонтодағы «БМО Филд» аренасында өткен әлем чемпионатының «І» тобындағы шешуші кездесуде Сенегал құрамасы Иракты 5:0 есебімен тас-талқан етті. Бұл нәтиже Африка құрамаларының әлем чемпионаты тарихындағы ең ірі жеңісі ретінде тіркелді.

Екі команда да бұл ойынға дейін ұпайсыз келгендіктен, плей-офф үмітін сақтау үшін тек ірі жеңіс керек еді. Сенегал бұл тапсырманы орындап, доп айырмашылығын (+2) айтарлықтай жақсартты. Ойын Сенегалдың басымдығымен басталды және олар өз тарихындағы ең ерте голды соқты. 4-ші минутта Сенегал бұрыштама тебу мүмкіндігін алды. Алаң жиегінен көтерілген допқа қорғаушы Сектен кейін бірінші жеткен «Сандерленд» жартылай қорғаушысы Хабиб Диарра Ирак қақпашысы Ахмед Басильді қапы қалдырды. Есеп 1:0. 13-ші минутта Садио Мане Ирак қорғанысын алдап, қақпашымен жеке шығуға жақындағанда, қорғаушы Ребин Сулака оны қолмен тартып құлатты. Бас төреші Энтони Тэйлор алдымен сары қағаз көрсеткенімен, VAR жүйесін қарағаннан кейін шешімін өзгертіп, Иракты 10 ойыншымен қалдырды. Ирак құрамасы қорғанысқа толықтай көшіп, бірінші таймның соңына дейін Сенегалдың жұлдызды шабуылшысы Садио Маненің бірнеше қауіпті соққыларына төтеп берді.

Екінші таймда Сенегал бапкері Папе Тиав тактиканы өзгертіп, шабуылды үдетті. Бұл өз жемісін бірден берді. 56-шы минутта Ирактың экс-ойыншысы Зидан Икбал өз айып алаңының маңында доптан айырылып қалды. Ламин Камара допты тартып алып, бірден ортаға пас шығарды, ал Исмаила Сарр бос қақпаны дәл көздеді. Бұл Саррдың осы турнирдегі 3-ші голы. 59-шы минутта алаңға жаңа ғана шыққан (небәрі 89 секундтан кейін) Папе Гей айып алаңының оң қанатынан ортаға қарай ығысып, сол аяғымен допты қақпаның тоғыздығына дәл көздеді. Сенегалдың шабуылдары бұнымен толастамады. 71-ші минутта Илиман Ндиаенің әуелеткен пасынан кейін Папе Гей тоқтатпастан шірене соғып, қақпашы Басильге еш мүмкіндік қалдырмады. Ал 82-ші минутта кездесудің соңғы нүктесін қойған Илиман Ндиай болды. Ол айып алаңының сыртынан жақын бұрышты дәл көздеп, есепті 5:0-ге жеткізді. Сенегал ойын бойы 28 соққы жасап, ХG (күтілетін голдар) көрсеткіші бойынша 3.03 ұпай жинады. Ал Ирак тек 6 соққы жасады. Папе Гей әлем чемпионатында қосалқы құрамнан шығып дубль жасаған алғашқы сенегалдық атанды. Осылайша Сенегал 3 ұпаймен топта үшінші орын алды. Олар қазір үздік 3-орын алған құрамалардың кестесінде 5-орында тұр. Ирак турнирмен қоштасты.

Осы турдың ең драмалы ойыны Хьюстондағы «NRG Стэдиум» аренасында «Н» тобындағы Кабо-Верде мен Сауд Арабиясы құрамалары арасында өтті. Тараптар 0:0 есебімен тең тарқасты. Бұл нәтиже әлем чемпионатының басты сенсацияларының бірі — Кабо-Верде құрамасының өз тарихында тұңғыш рет плей-офф кезеңіне өтуіне мүмкіндік берді. Сауд Арабиясына келесі кезеңге өту үшін тек жеңіс қажет болса, Кабо-Вердеге тең ойын да жеткілікті еді. Осы тактикалық тұрғыдан алғанда, Африкадан келген «Көк акулалар» (Blue Sharks) өз мақсаттарына шаршамай жетті.

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап қос команда да барынша сақ ойнауға тырысты, алаңда физикалық тұрғыдан өте ауыр әрі қатал күрес басталған. 22-ші минутта кездесудің алғашқы қауіпті сәтін Кабо-Верде ұйымдастырды. Вилли Семедо оң қанаттан қорғаушыларды алдап өтіп, жақын бұрышты көздегенімен, Аль-Оваис допты бұрыштамаға шығарып жіберді. 30-шы минутта Сауд Арабиясы үшін ауыр соққы болды. Орталық қорғаушы Хассан Аль-Тамбакти ешбір соқтығысусыз алаңға құлап, аяғын қатты жарақаттап алды. Оның орнына Али Ладжами шықты. Бірінші тайм аяқталар тұста айып алаңына әуелеп келген допқа бірінші жеткен Мохамед Канно баспен жоғары бұрышты көздеді. Алайда осы турнирдің жұлдызына айналған қақпашы Возинья керемет секіріп, допты алып шықты. Камера бірден трибунадағы оның анасына бұрылды, бүкіл стадион қақпашыға қол шапалақтап, хошемет көрсетті.

Екінші таймда Сауд Арабиясының бапкері Георгиос Донис шабуылды күшейту үшін Мусаб Аль-Джувайрды алаңға шығарды. Бірақ Кабо-Верде қорғаныста өте сауатты ойнады. 49-56 минуттарда Кабо-Верде Сауд Арабиясы қақпасына 4 соққы жасап, допқа иелік ету пайызын 55%-ға жеткізді. Жамиро Монтейроның соққысынан кейін Сауд Арабиясын тек қақпашының шеберлігі құтқарып қалды. 72-ші минутта Хьюстондағы стадионға жиналған Кабо-Верде жанкүйерлері тарихи сәттің жақындағанын сезініп, трибунада «Livin' on a Prayer» әнін шырқай бастады. Ойынның соңына қарай арабтар жаппай шабуылға шыққанымен, Кабо-Верденің темірдей қорғанысы бұза алмады. Керісінше соңғы сәттерде Кабо-Верденің есеп ашатын мүмкіндіктері болған. Ойыншылар болмашы қателіктер жіберді.

Осылайша халқының саны небәрі 600 мыңға жуықтайтын Кабо-Верде аралдық мемлекеті әлем чемпионатының дебютанты бола тұра, Испания, Уругвай және Сауд Арабиясымен бір топта жеңілмей, плей-оффқа жолдама алды. Кабо-Верде 3 ұпаймен «Н» тобында екінші орын алды. Бұл осы турнирдің ең басты сенсациясы. Ал, Сауд Арабиясы турнирді аяқтап, ауылына қайтты.

Мексиканың Гвадалахара қаласындағы «Акрон» аренасында өткен Әлем чемпионатының «Н» тобындағы тағы бір орталық матчта Испания құрамасы Уругвайды 1:0 есебімен жеңді. Бұл нәтижеден кейін Испания топта бірінші орынмен плей-оффқа өтсе, екі дүркін әлем чемпиондары Уругвай турнирмен күтпеген жерден ерте қоштасты. Марсело Бьелса баптайтын Уругвай құрамасына келесі кезеңге өту үшін тек жеңіс немесе Кабо-Верденің ұтылғаны керек еді. Алайда, Еуропа чемпиондары оңтүстік америкалықтарға еш мүмкіндік қалдырмады.

Ойын басталғаннан бастап Испания допты толық бақылауға алып (71% допқа иелік ету), Уругвайды тек қорғануға мәжбүр етті. 15-35 минуттарда Испанияның жас жұлдызы Ламин Ямаль оң қанатта Марк Кукурельямен бірлесіп Уругвай қорғанысының мазасын алды. Осы аралықта Уругвай футболшысы Агустин Каноббио дөрекі ойнап, алаңдағы ойыншылар арасында қызу жанжал туындады. 42-ші минутта Испанияның ұзаққа созылған шабуылы голмен аяқталды. Педридің сол қанаттан айып алаңының ортасына бағыттаған пасын Алекс Баэна тоқтатпастан қақпаның төменгі бұрышына дәл тепті. Қақпашы Фернандо Муслера допқа жете алмады. Бірінші таймның соңында Уругвай есепті теңестіруге жақын болған. Вальверде мен Араухоның комбинациясынан кейін доп Дарвин Нуньеске келген, бірақ испандық қорғаушы Лапорт соңғы сәтте подкат жасап, допты бұрыштамаға шығарды. Екінші таймда Марсело Бьелса шабуылды күшейту үшін Николас де ла Круз бен Матиас Виньяны алаңға шығарды. Бірақ Испания қорғанысы мінсіз болды.

63-ші минутта Испандар есепті еселейтін мүмкіндікті жіберіп алды. Ямальдың қорғаушыларды алдап өтіп берген пасын Дани Ольмо ыңғайлы позициядан қақпадан биік тепті. 86-шы минутта алаңға шыққан Ферран Торрес Уругвай қорғаушыларының қателігін пайдаланып, қақпашымен жеке шықты. Оның соққысы Муслерадан өткенімен, қақпа маңдайшасына тиіп кері серпілді. Ойынның соңғы минуттарында Уругвай шабуылшысы Винья испан айып алаңының ішінде Унай Симонмен соқтығысып құлады. Бүкіл Уругвай құрамасы төрешіден пенальти талап еткенімен, бас төреші және VAR жүйесі ереже бұзылмады деп шешті. Бұған ашуланған Агустин Каноббио төрешімен сөзге келіп, артынан дөрекі фол жасағаны үшін қызыл қағаз алды. Испания матч бойы 437 дәл пас берсе, Уругвай небәрі 149 паспен шектелді. Уругвай ойын бойы қақпаға бірде-бір дәл соққы бағыттай алған жоқ. Сөйтіп, Испания 7 ұпаймен «Н» тобында бірінші орын алып, 1/16 финалға жолдама алды. Уругвай 2 ұпаймен турнирден шығып қалды. Бұл топтан екінші орынмен күтпеген жерден Кабо-Верде құрамасы плей-оффқа өтті.

Египет пен Иран арасындағы матч өте тартысты өтті. Иран 90+3-минутта соққан голының арқасында 2:1 есебімен жеңіске жетті. 5-минутта Египет есеп ашты. Иран қақпашысының қателігін пайдаланған Махмуд Сабер гол соқты – 1:0. 14-минутта Иран таразы басын теңестірді. Пенальтиден кейін қайтқан допты Рамин Резаиан қақпаға дәл бағыттап, есепті 1:1 етті. Екінші таймда екі команда да сақ ойнады. Иран көбірек қауіпті шабуылдар ұйымдастырса, Египет қарсы шабуылға сенді. Иран қорғаушысы Шоджа Халилзаде соңғы минуттарда шешуші голды соғып, командасына 2:1 жеңіс сыйлады. Бұл жеңістен кейін Иран топтан екінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты. Ал, Египет үшінші орында қалып қойды. 

Жаңа Зеландия мен Бельгия арасындағы матчта 1:5 есебімен қызыл сойқандар жеңіске жетті. Бельгия алғашқы минуттардан-ақ допты бақылауына алып, жоғары қарқынмен шабуылдады. Бірінші таймда Троссард пен Де Брюйне гол соғып, бельгиялықтар үзіліске 2:0 есебімен кетті. Екінші тайм басталғаннан кейін Троссард дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. Жаңа Зеландия сапынан Элайджа Джаст бір гол қайтарғанымен, интрига ұзаққа созылмады. Ойынның соңына қарай алаңға шыққан Ромелу Лукаку есеп айырмасын ұлғайтты, ал соңғы нүктені Алексис Салемакерс қойды – 5:1. Осылайша Бельгия топтан бірінші орынмен келесі кезеңге өтті. Ал, Жаңа Зеландия үйіне қайтты. 

Бекәлі Жәдік