Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, аталған мәселе қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Әсіресе, ата-аналар тарапынан БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты шағымдар мен ұсыныстар көбейген.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау алғашында оқушылардың білім деңгейін анықтауға арналған құрал ретінде енгізілген. Алайда іс жүзінде ата-аналар балаларын бағалауға дайындауға шамадан тыс араласып кеткен.
«Бүгінде критериалды бағалау жүйесіне қатысты ата-аналар мен мұғалімдердің сұрақтары көбейді. Себебі БЖБ мен ТЖБ оқушының білімін бағалауға арналғанымен, дайындық барысында ата-аналардың көмектесуі тым көбейіп кетті», – деді министр.
Оның айтуынша, осыған байланысты министрлік бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізудің орындылығын қайта қарастырып жатыр.
БЖБ мен ТЖБ жауаптарын сату деректері анықталған
Министр тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларының немесе дайын жауаптарының сатылу жағдайлары анықталып жатыр.
«Мұндай фактілерге міндетті түрде құқықтық баға берілуі керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту министрлігі шетелдік тәжірибені де зерделеп жатыр. Министрдің айтуынша, критериалды бағалау жүйесі енгізілген көптеген дамыған елде бастауыш сыныптарда бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау қолданылмайды.
Сондықтан ведомство дәл осы деңгейдегі оқушылар үшін БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мүмкіндігін талқылап жатыр.
Қазіргі бағалау жүйесі қайта қаралады
Министрдің айтуынша, 2016 жылдан бері енгізілген жаңартылған білім беру бағдарламасы мен критериалды бағалау жүйесі бүгінде өз мақсатына толық жете бермейді. Бұл туралы ата-аналар мен педагогтар тарапынан да жиі айтылып келеді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова егер БЖБ мен ТЖБ жүйесін енгізу қате шешім болғаны анықталса, оған жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру қажет екенін айтқан болатын.
Ал министр бұл мәселеге қатысты тексеру жүргізу, сондай-ақ жүйеге бөлінген қаражаттың жұмсалуын бағалау Жоғары аудиторлық палата мен басқа да құзырлы мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретінін жеткізді.
Бес балдық жүйе қайтарылмайды
Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның бұрынғы бес балдық бағалау жүйесіне қайта оралуы екіталай екенін айтты.
Оның айтуынша, мұндай жүйе бүгінгі білім беру талаптарына толық сәйкес келмейді. Қазіргі таңда министрлік оқушылардың жас ерекшелігі, оқу материалын меңгеру деңгейі және заманауи технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктері ескерілетін жаңа бағалау тәсілдерін қарастырып жатыр.
Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі бойынша түпкілікті шешімді тамыз айында өтетін дәстүрлі республикалық педагогтердің тамыз конференциясында жариялауды жоспарлап отыр.