homepage
фото: FiFA

Түріктер қолын кеш сермеді

26.06.2026, 11:06

Футболдан әлем чемпионатында көрермендер саны бойынша рекорд тіркелді. FIFA мәліметінше, Е тобының үшінші турындағы Эквадор мен Германия және Кот-д’Ивуар мен Кюрасао матчтары аяқталғаннан кейін турнирдің жалпы көрермен саны 3 млн 605 мың 357 адамға жетті. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Сонымен әлем чемпионатындағы шешуші ойындар жалғасуда. Бүгінгі турда басты сенсацияны Эквадор жасады. Алаңға негізгі құраммен шыққан неміс машинасына қарсы тұрған Оңтүстік америкалықтарға плей-офф кезеңіне шығу үшін тек қана жеңіс керек еді. Германияның 16/1 финалға мерзімінен бұрын шығып алғанына қарамастан Юлиан Нагельсман ойыншылар құрамына еш өзгеріс енгізе қоймады. Тек жарақат алып қалған Шлоттербектің орнына Рюдигер, Браунның орнына Раум шықты. Күткендегідей-ақ матч немістердің шабуылымен басталды. Жанкүйерлер орнына толық жайғасып үлгермей жатып, Германия екінші минутта есеп ашып кетті, Лерой Сане соқты. Бұл Германия құрамасының 1934 жылдан бергі әлем чемпионаттарындағы ең жылдам голы екен. Осыдан кейін онсыз да жағдайы мүшкіл Эквадордың халі одан ары нашарлады. Дегенмен сағы сынбаған эквадорлықтар араға жеті минут салып есепті теңестірді. Гол соққан Нильсон Ангуло. Бұдан кейін ойын толықтай немістердің бақылауына көшті. Эквадорлықтар үшін гол соқпақ тұрмақ қарсыластың айып алаңына енудің өзі мұң болды. Бірінші таймдағы тең есеп Эквадорға тиімсіз еді, сондықтан да олар екінші таймда көбірек өткір шабуылдарға шығып, жеңіске апрар жол іздеумен болды. Ақыры дегендеріне жетті. 78-ші минутта эквадорлықтар бұрыштамадан әдем гол салды. Гонсало Платаның осы добы ақыр соңында жеңіс голына айналды. Ойын соңындағы немістердің қыспағына төтеп берген оңтүстік америкалықтар 4 ұпаймен, үшінші орыннан плей-офф кезеңіне шықты.

Эквадордың ерлігін Кюрасао да қайталай алар ма екен? Егер жеңес олар да 4 ұпай еншілеп, келесі кезеңге шығуға қадам басар еді. Бірақ атақты Дик Адвокат бастаған Кюрасао жігіттерінің ертегі әлемі осы жерден үзілді. Немістердің қақпасына гол соғып, Эквадормен тең түскен аралдықтар үшін осының өзі үлкен олжа болды. Сонымен Нидерланды құрамындағы шағын ғана арал мемлекеттің бұл әлем біріншілігіндегі миссиясы ақталды. Дик Адвокат біріншілікпен қоштасты. 

Түріктер болса осы әлем біріншілігіндегі алғашқы әрі соңғы жеңісін тойлады. Үшінші турда Түркия құрамасы алаң қожайындары АҚШ-ты 3:2 есебімен жеңді. Инглвуд қаласында өткен тартысты кездесуде түрік футболшылары плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылғанына қарамастан, жанкүйерлеріне жарқын ойын сыйлап, жарысты жеңіспен аяқтады.Кездесу АҚШ құрамасының жылдам голымен басталды. Матчтың 4-минутында Себастьян Берхальтердің бұрыштамадан асырған добын Остон Трасти қақпаның жақын бұрышына дәл бағыттап, есеп ашты. Алайда Түркия көп ұзамай таразы басын теңестірді. 11-минутта Барыш Йылмаздың нәтижелі пасынан кейін Арда Гүлер мергендігімен көзге түсіп, командасының осы әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты. 32-минутта түрік құрамасы алға шықты. Арда Гүлер бастаған шабуылды Эрен Элмалы жалғастырып, қақпа алдына дәл пас шығарды. Ал Оркун Көкчү жақын қашықтықтан мүлт кетпей, есепті 2:1-ге жеткізді. Екінші таймда АҚШ құрамасы қарқынын күшейтті. 50-минутта Себастьян Берхальтер қайтарылған допты иемденіп, қақпаның жақын бұрышын дәл көздеп, есепті теңестірді. Ойынның қалған бөлігінде алаң иелері жеңіс голын іздеді. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Кристиан Пулишич шабуылды жандандырып, бірнеше қауіпті мүмкіндік туғызды. Дегенмен Түркия қақпашысы Угурджан Чакыр сенімді ойынымен командасын бірнеше мәрте құтқарып қалды. Матч тең аяқталатын сияқты көрінгенімен, қосымша уақыттың 90+9-минутында Каан Айхан дәл соққысымен жеңіс голын соғып, Түркия құрамасына турнирдегі алғашқы әрі мәртебелі жеңісті сыйлады. Бірақ түріктер қолын кеш сермеді. Бұл үш ұпайдан еш қайран жоқ, плей-офф алынбас қамал күйінде қалды. Енді үйге қайту керек. 

F тобындағы үшінші турда Жапония мен Швеция құрамалары өзара жеңімпазды анықтай алмады. АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласында орналасқан «AT&T Stadium» аренасында өткен тартысты кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Бас төреші қызметін сальвадорлық Иван Бартон атқарды. Матчтың алғашқы бөлігінде есеп ашылмағанымен, үзілістен кейін ойын қыза түсті. 56-минутта Рицу Доанның тамаша пасын ұтымды пайдаланған Дайдзэн Маэда Жапонияны алға шығарды. Алайда шведтер көп күттірмеді. Небәрі алты минут өткен соң Энтони Эланга айып алаңының оң қапталынан дәл әрі әдемі соққы жасап, таразы басын теңестірді. Осылайша, үш тур қорытындысы бойынша Жапония құрамасы 5 ұпай жинап, F тобында екінші орынға жайғасты. Швеция 4 ұпаймен үшінші сатыда тұр. Топ көшін 7 ұпайы бар Нидерланд құрамасы бастап тұрса, Тунис ұпай еншілей алмай, соңғы орында қалды. Сөйтіп топтан екінші орынмен шыққан Жапония енді 16/1 финалда Бразилиямен ойнайтын болды. Ал, топты үшінші орынмен түйіндеген шведтер басқа топтағы ойындардың нәтижелерін күтеді. Бағы жанса қоржындғы 4 ұпаймен үшінші орын алғандардың арасынан сытылып, келесі кезеңге өтеді. 

Австралия мен Парагвайдың тең ойыны «скандинавиялық сценарий» болар ма еді?

D тобындағы соңғы тур қарсаңында ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – Австралия мен Парагвай құрамаларының кездесуі болды. Өйткені бұл матчтағы тең нәтиже екі команданы да плей-офф кезеңіне алып шығатын еді. Ал егер олар ашық шабуылға көшіп, біреуі жеңіліп қалса, үш ұпаймен жарысты ерте аяқтау қаупі туындайтын. Әсіресе, доп айырмасы нашар Парагвай үшін бұл үлкен тәуекел болатын. Сол себепті футбол жанкүйерлері арасында бұл ойынға қатысты «келісілген матч», «скандинавиялық тең ойын» немесе «Nordic victory» секілді ұғымдар жиі айтылды. Алайда мұндай пікірлерді толықтай орынды деу қиын. Мысалы, Еуро-2004 турниріндегі Швеция мен Дания арасындағы әйгілі «скандинавиялық тең ойында» нақты 2:2 немесе одан жоғары есеп қажет болды. Қажетті есеппен аяқталған сол ойыннан Италия зардап шеккен еді. Дәл сол сияқты 1982 жылғы әлем чемпионатындағы Австрия мен Батыс Германия ойынында екі командаға да тиімді нәтиже Алжир құрамасын турнирден тыс қалдырған еді. Ал Австралия мен Парагвай жағдайында мұндай үшінші тарап болған жоқ. Бір топтағы Түркия құрамасы соңғы турға дейін-ақ плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылып қалған еді. Сондықтан бұл матчтағы ықтимал тең нәтижені классикалық «скандинавиялық тең ойынмен» салыстыру қисынға келе бермейді. Айта кетерлігі, егер ФИФА осы әлем чемпионаты алдында регламентке өзгеріс енгізбей, тең ұпай кезінде өзара кездесулерді емес, доп айырмасын негізгі көрсеткіш ретінде қалдырғанда, Түркияның соңына дейін плей-оффқа өту мүмкіндігі сақталар еді. Міне, сонда ғана Австралия мен Парагвай арасындағы ықтимал тең ойын шынымен де «скандинавиялық сценарий» ретінде бағаланар еді. Сондықтан тең ойын ешкімге зардабын тигізбейтін, екі жаққа да тиімді болғандықтан командалар тең тарқасты. Бәрі риза.

F тобының соңғы турында Нидерланды Тунисті қиналмастан 3-1 есебімен жеңіп, топтан бірінші орынмен шықты. Бұл өзі бір де бір сары қағаз көрсетілмеген ең бір бейбіт ойын болды. Тунис соңғы турға дейін-ақ плей-оффқа шығу мүмкіндігінен алдын ала айырылған болатын. Ал, қызғалдақ елінің жігіттері үшін топтан алаңсыз шығу үшін кемінде тең ойын керек еді. Олар діттеген межеден шықты. Енді Нидерланды құрамасы 16/1 финалда Марокко командасымен кездеседі. Бүгін Астана уақытымен түнгі 12-ден бастап таңғы сегізге дейінгі аралықта тағы алты ойын өтеді. 

Бекәлі Жәдік