Қазақстандық комик Нұрлан Сабыров тағы бір елде өнер көрсете алмайтын болды. Бұл жолы ол Молдова мәдениет министрлігінің «қара тізіміне» ілікті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тізімде ТМД елдерінің 26 әртісі бар. Олар Молдова республикасының аумағында концерт немесе басқа да мәдени шара ұйымдастыра алмайды.
Бұған дейін, Украина билігі комиктің үстінен «агрессор мемлекетке жәрдемдесу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғаған. Оған әзілкештің ресейлік әскерге мотоциклдер сатып алуға демеушілік көрсеткені себеп болған еді. Бұл жаңалықтан соң ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сабыровты тексере келе құқыққа қайшы келетін ешқандай әрекетін таба алмағанын хабарлаған.
Ал, кеше ғана армян халқы әлеуметтік желіде Сабыровтың 5-нші шілдеде Ереванда өтуі тиіс концертіне тыйым салуға шақырды. Олар ресейлік «Вагнер» жасағын қолдайтын әртіс ел сахнасында өнер көрсетпеуі тиіс деп санайды.
Әзілкеш отбасымен бірге қазір Қазақстанда тұрады.