ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қазасына байланысты емдеу сапасына тексеру жүргізуге және қажет болған жағдайда жаңа тергеуге сарапшыларын тартуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты.
Оның айтуынша, Ербаян Мұхтардың әскери қызмет барысында алған жарақаты бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында бұған дейін Әділет министрлігінің сот-медициналық сарапшылары жұмыс істеген. Егер оның өліміне қатысты жаңа тергеу басталса, Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті медициналық сарапшыларды ұсынуға әзір.
«Бұл іс бойынша қылмыстық тергеу жүргізілді. Егер енді қайтадан тергеу жүргізу қажет деп танылса, біз барлық қажетті сарапшыны беруге дайынбыз», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар вице-министр дәрігерлер әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берер ме еді деген сұраққа нақты жауап бере алмады.
Ербаян Мұхтардың қазасы
Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны туралы ақпаратты оның отбасының адвокаты Инга Иманбай растады.
Адвокаттың айтуынша, 25 маусымда кешке Астанадағы Ұлттық шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері сарбаздың ата-анасына хабарласып, оның жүрегі тоқтағанын жеткізген.
Мәліметке сәйкес, соңғы күндері Ербаянның жағдайы күрт нашарлап, бірнеше мәрте жүрек талмасы болған. Кешкі сағат 21.00 шамасында оның жүрегі біржола тоқтаған. 27 маусымда ол 24 жасқа толуы тиіс еді.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, Ербаян Мұхтар өткен жылы әскери қызметін атқарып жүрген кезде ауыр жарақат алып, комаға түскен болатын. Оның нақты қалай жарақат алғаны қоғамда үлкен талқылауға себеп болды. Сарбаздың отбасы мен қорғаушылары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етіп келеді.
Бұған дейін Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан сарбаздың ісіне қатысты бірнеше мәрте түсініктеме берген. Ал құқық қорғау органдары қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарының жалғасып жатқанын хабарлаған еді.
Енді Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның емделу сапасы мен көрсетілген медициналық көмектің толық көлемде тексерілуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай тексеруге қажетті барлық медициналық сарапшыны тартуға дайын екенін мәлімдеп отыр.