Шымкент қаласының тұрғыны өз үйінің аумағында «гашиш» пен «марихуана» секілді каннабис тобындағы есірткіні өсірген. Өсіріп қана қоймай, дайын өнімді сатып табысқа кенеліп отырған.
Бұл факті «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды. Тінту барысында ауыл шаруашылығы дақылдарының арасында жасырылған құрамында есірткісі бар шамамен 130 түп өсімдік табылған. Сондай-ақ, шаруашылық құрылыстарынан 330 килограмнан астам есірткі шикізаты және әрі қарай сату үшін буып оралған дайын өнім тәркіленді.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы - есірткіні өткізу мақсатында сақтау және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, ықтимал өткізу арналары және заңсыз сызбаға қатысы бар басқа да күдіктілер анықталуда», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.