homepage

Танымал блогер Жузефина 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды

25.06.2026, 18:27

Алматыда көпшілікке Жузефина есімімен танымал блогер Жұлдыз Жауынбаева әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында блогердің әкесінің өзіне қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мәлімдемелері, сондай-ақ былапыт сөздер айтылып, қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер бейнеленген видеолары анықталған.

Аталған жария мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізіліп, контент авторы мен оның ата-анасынан жауап алынған. Тексеру нәтижесінде құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмаған.

Сонымен қатар, видеолардың бірінде Жұлдыз Жауынбаева тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Медициналық куәландыру оның есірткі заттарын қолданғанын растады. 

Сондай-ақ полиция блогердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату белгілерін анықтаған. Жиналған материалдар сотқа жолданды.

«Бұдан бөлек, бұған дейін полиция қызметкерлері азаматшамен профилактикалық әңгіме жүргізіп, құқыққа қайшы мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту тапсырған. Сот қарауының нәтижесі бойынша құқық бұзушыға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.