«Егер өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында атамекенге оралып, ресми «қандас» мәртебесін алған бауырларымыздың саны 6 600 – 6 700 адамға жеткен болса, ағымдағы жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеп, небәрі 3 300 адамды ғана құраған. Яғни, атажұртқа бет түзеген қазақтардың саны қолдан жасалған кедергілердің кесірінен күрт азайып кеткен. Есесіне, соңғы үш айдың ішінде ғана Ресей Федерациясының 14 мыңға жуық азаматы Қазақстаннан тұрақты тұру рұқсатын (ВНЖ) алып үлгерген. Оларға 10 жыл бойы ел аумағында емін-еркін тұруға, заңды жұмысқа орналасуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға толық мүмкіндік беріліп отыр. Үкімет «шетелдіктер үйінен шықпай-ақ, электронды қосымша арқылы интернетпен бірден тіркеле алады» деп мақтанғанымен, өз қандастарымызға келгенде заңдық тұрғыдан қатал қыспаққа алғаны қоғамда үлкен наразылық тудыруда. Неге біз өз бауырларымызға қиындық туғызып, өзге мемлекет азаматтарына ресми тұрғыда құқықтарды оңай үлестіріп жатырмыз?»
Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты