Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропалық одақтан депортацияланған мигранттарды Қазақстанға орналастыру туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Курсив сайтына сілтеме жасап.
СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Қазақстан тарапы Еуроодақпен Қазақстан аумағында Еуропадан шығарылатын шетел азаматтарын қабылдау, орналастыру, транзиттеу немесе уақытша ұстау орталықтарын құру мәселесі бойынша ешқандай келіссөз жүргізген жоқ.
«Сонымен қатар Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету және реадмиссия мәселелері құқықтық тұрғыдан бір-бірінен тәуелсіз бағыттар екенін атап өткен жөн», – деді Ерлан Жетібаев.
Ол сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режимді жеңілдетуге қатысты сарапшылар деңгейіндегі келіссөздердің аяқталғанын айтты. Қазіргі уақытта тараптар келісімге қол қою алдындағы рәсімдерді аяқтап жатыр.
Жетібаевтың сөзінше, жаңа келісім аясында көп мәртелік визаларды алу мүмкіндігі кеңейтіліп, визаны рәсімдеу үшін ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар жеңілдетіледі.
Бұған дейін визалық режимді жеңілдету аясында қажетті құжаттар тізімін қысқарту, консулдық алымдарды азайту және азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдетілген рәсім енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.