Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексінің 111-бабына өзгерістер енгізді. Бұрын жұмыс беруші қызметкерге әріптесінің міндетін уақытша атқарғаны үшін қосымша ақы төлемеуге құқылы болатын. Енді бұл норма күшін жойды.
2026 жылдың 8 маусымнан бастап уақытша алмастыру қосымша еңбек жүктемесі ретінде қарастырылады. Және ол үшін жұмыс беруші ақы төлеуге міндетті.
Үстемеақы көлемі жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі арқылы белгіленеді.
Жұмыс беруші төлеуден бас тартса не істеу керек?
Ол үшін қызметкер атқарған қосымша жұмысы үшін үстемеақы төлеуді талап етіп, өтініш жолдауы тиіс. Өтініштің тапсырылғанын растайтын дәлелдің болуы маңызды. Ол үшін құжатты кеңсе арқылы тіркетуге немесе электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жіберуге болады.
Егер жұмыс беруші өтінішке жауап бермесе немесе төлеуден бас тартса, қызметкер еңбек инспекциясына, кейін қажет болған жағдайда сотқа жүгіне алады.
Қандай дәлелдер қажет?
Қызметкер қосымша міндеттерді орындағанын дәлелдейтін құжаттарды алдын ала жинағаны дұрыс. Мысалы:
· міндеттерді жүктеу туралы бұйрықтар немесе қызметтік жазбалар
· электрондық пошта мен корпоративтік мессенджерлердегі хат алмасулар;
· жұмыс уақытының табельдері мен есептер;
· әріптесінің орнына рәсімделген құжаттар.
Үстемеақы талап еткені үшін жұмыстан шығаруы мүмкін бе?
Жоқ. Заң қызметкердің құқықтарын толық қорғайды.
Егер алмастыру еңбек шартында көрсетілсе, жұмыс беруші қосымша ақы төлемеуіне бола ма?
Еңбек шартында немесе лауазымдық нұсқаулықта мұндай тұжырымның болуы жұмыс берушіні уақытша жоқ қызметкерді алмастыру бойынша қосымша ақы төлеу міндетінен босатпайды.