homepage
фото: ҰОК

Олимпиадаға қатысқан әр спортшыға 10 мың долларлық грант беріледі

25.06.2026, 12:37

Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) спортшыларды қолдауға арналған жаңа бағдарламаны іске қосты. Енді Олимпиада ойындарының әрбір қатысушысы 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі Fit for the Future Olympian грантын ала алады. Мұндай бастама Олимпиада тарихында алғаш рет қолға алынып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Шешім ХОК-тың Лозаннадағы 146-сессиясында жарияланды. Бағдарлама алғаш рет 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қатысушыларына қолданылады.

Жоба спортшылардың кәсіби мансабын дамытуға және спорттан кейінгі өмірге бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталған. Әр олимпиадалық циклде шамамен 14 мың спортшы грант алуға үміткер бола алады. Қаражат Ұлттық Олимпиадалық комитеттер арқылы бөлінеді.

Бағдарламаға 2026 жылғы Олимпиададан бастап Аа санатындағы аккредитациясы бар барлық спортшылар қатыса алады. Алайда, жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушылары грантқа үміткер бола алмайды. Сонымен қатар, үміткерлер допингке қарсы талаптарды және Олимпиадалық хартия қағидаларын бұзбауы тиіс.

Қазір ХОК өтінім беру мен төлем жасау тетіктерін әзірлеп жатыр. Өтінім қабылдау 2026 жылдың соңында басталып, алғашқы төлемдер 2027 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланған.