homepage
фото: ЖИ арқылы жасалды

Шымкентке көшіп кетті: Курьер-ананың ендігі тағдыры

25.06.2026, 12:23

Алматыда төрт айлық сәбиімен курьерлік қызмет көрсетуге мәжбүр болған жас ана қайтадан Шымкентке көшіп кеткен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

«Нақты себебін білмейміз. Отбасылық жағдайлар әсер еткен болуы мүмкін. Бәлкім, ата-анасы шақырған шығар. Кеше ғана Алматы мен Шымкент әкімдіктерінен сұрап едім, олар бұл ақпаратты растады», – деді вице-министр журналистерге.

Оның айтуынша, жас отбасының бұл шешіміне мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай ықпал жасалмаған.

«Мемлекеттік ұйымдар тарапынан ешқандай қысым болған жоқ», – деді Тұяқбаев.

Осы айда әлеуметтік желіде қолына төрт айлық сәбиін ұстап, арқасына курьерлік сөмке асып жұмыс істеп жүрген жас ананың фотосы кеңінен тарады. Кейін оның жұбайы бар екені және отбасының Шымкенттен Алматыға қоныс аударғаны белгілі болды. Желі қолданушыларының бір бөлігі отбасыға қаржылай көмек көрсетуді ұсынғанымен, ерлі-зайыпты одан бас тартқан.

Оқиғаға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де пікір білдірді. Министр Асқар Ертаев отбасының әлеуметтік жағдайын «өте жақсы» деп бағалады. 

Сондай-ақ, ведомство бұл жағдайдан кейін курьерлік қызметке жұмысқа қабылдау талаптары қайта қаралуы мүмкін екенін айтқан.