Ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар енді қоныстанған өңірде міндетті түрде ресми жұмысқа орналасуы тиіс. Сонымен қатар жаңа жерден өз еркімен көшіп кеткен азаматтардың мемлекеттен алған қолдау қаражатын қайтару тәртібі енгізілді.
ҚР Парламенті Сенатының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналған отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ернұр Айткеновтің сауалына жауап бере отырып, ерікті қоныс аудару бағдарламасын іске асырудың жаңартылған тәсілдерін түсіндірді.
Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, бағдарламаның тиімділігі қоныс аударған азаматтардың саны арқылы емес, олардың жаңа өңірге тұрақтап қалуы, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан бейімделуі арқылы бағаланады. Осы жылдың мамыр айынан бастап министрлік бағдарламаны іске асырудың жаңартылған тетіктерін енгізуде. Атап айтқанда, қатысушылар үшін қоныстанатын өңірде ресми түрде жұмысқа орналасу және оның әлеуметтік аударымдар арқылы расталуы міндетті талап ретінде белгіленді.
«Мемлекет жаңа өңірге жұмыс істеу, отбасы құру және өз өмірін қалыптастыру үшін қоныс аударатын азаматтарды қолдайды. Біздің мақсатымыз – халықтың жай ғана тұрғылықты жерін ауыстыруын қамтамасыз ету ғана емес, қоныс аударушыларды тұрақты жұмыспен, табыспен және қолайлы өмір сүру жағдайларымен қамтамасыз ету», – деді бірінші вице-министр.
Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Ербол Тұяқбаев қоныстанған өңірден өз еркімен кетіп қалған жағдайларда мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау қаражатын қайтарудың бірыңғай тәртібі қарастырылғанын түсіндірді. Оның айтуынша, мемлекет қолдау көрсеткен жағдайда бағдарлама қатысушылары өздеріне алған міндеттемелердің орындалуына да жауапты болуы тиіс. Қабылданып жатқан шаралар оң нәтижесін көрсетуде: қоныс аударушылардың кері көшу деңгейі 6%-дан 1%-ға дейін төмендеді. Биылғы жылға жоспарланған 8 278 адамның ішінде еңбек күші тапшы өңірлерге 6 мыңнан астам азамат қоныс аударып, жылдық жоспардың шамамен 72%-ы орындалды.
«Бүгінде ерікті қоныс аудару бағдарламасы жай ғана көшу тетігінен өңірлерді еңбек ресурстарымен қамтамасыз етудің, халықтың ұтқырлығын арттырудың және бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың маңызды құралына айналып келеді», – деп түйіндеді Ербол Тұяқбаев.