Атырау қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде мемлекетке жалпы құны 700 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері қайтарылды. Прокурорлар сенімгерлік басқару және жер пайдалану саласында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған.
Жергілікті атқарушы орган жеке кәсіпкерге құны 93,7 млн теңге болатын жертөле үй-жайын берген.
Кәсіпкердің шарт талаптарын орындамағанына қарамастан, жергілікті атқарушы орган ұзақ уақыт бойы нысанды уақтылы алып қою бойынша шаралар қабылдамаған.
Осыған байланысты прокуратура заңдылықтың бұзылуын жою туралы, соның ішінде басқа да осыған ұқсас жағдайлар бойынша ұсыну енгізді.
«Қарау нәтижелері бойынша мемлекет балансына жалпы құны 400 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандары қайтарылды. Сонымен қатар, жер пайдалану саласында тәртіп орнату бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекет табысына ұзақ уақыт бойы мақсаты бойынша игерілмей келген, жалпы құны 300 млн теңге болатын 28 жер учаскесі қайтарылды», – делінген хабарламада.
Жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік мүлікті қорғау прокуратура органдарының тұрақты бақылауында..