homepage
Reuters

Венесуэлада жойқын жер сілкінісі болды

25.06.2026, 09:35

Венесуэланың астанасы Каракастың батыс бөлігінде екі рет күшті жер сілкінісі болып, салдарынан ғимараттар қирап, тұрғындар үйінді астында қалды. Мамандар апаттан адам шығыны көп болуы мүмкін екенін ескертуде, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters агентттігіне сілтеме жасап.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 7,2 болған. Оның эпицентрі Каракастан шамамен 160 шақырым батыста орналасқан. Бір минутқа жетер-жетпес уақытта магнитудасы 7,5 болатын екінші жер сілкінісі тіркелген.

USGS алдын ала бағалауынша, табиғи апат салдарынан 10 мыңнан 100 мыңға дейін адам қаза табуы мүмкін. Сондай-ақ ел аумағында ауқымды қираулар болуы ықтимал.

Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес елде төтенше жағдай жарияланып, қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсету үшін халықаралық ұйымдардан көмек сұралатынын мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, жақынынан айырылған барлық отбасына қайғыра көңіл айтамыз», – деді ол халыққа жасаған үндеуінде.

Алайда қаза тапқандар мен зардап шеккендердің нақты саны әзірге жарияланған жоқ.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, бірнеше ғимарат қирап, құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздеп жатыр. Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо барлық қолда бар күштер мен азаматтық қорғаныс қызметтері жұмылдырылғанын айтты.

Түнгі уақытта түсірілген бейнежазбаларда құтқарушылардың қираған ғимараттардың үйінділерін аршып жатқаны, ал туыстары жақындарын іздеп жүргені көрінеді.

Каракастағы Чакао муниципалитетінің мэрі Густаво Дуке бірнеше ғимараттың құлағанын хабарлады. Оның айтуынша, бір ғана ғимараттың қирандылары астынан 18 адам тірідей құтқарылған. Ол тұрғындарды қайталама жер сілкіністері болуы мүмкін екенін ескертіп, қауіпсіз жерлерге баруға шақырды.

«Барынша көп адамның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді мэр.

Ал Фалькон жағалау штатында кемінде 22 адам зардап шеккен. Штат губернаторы Виктор Кларктың айтуынша, 15 адамды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.