Жұмабек Жанділдин ұзақ жылдар бойы республикалық басылымдарда қызмет етіп, экономика мен қаржы тақырыбын терең қаузап келе жатқан санаулы публицистердің бірі. Әр кезеңде Үкіметтің экономикалық саясатына қатысты өзіндік көзқарасын ашық айтып, нақты ұсыныстарын білдіріп отырған қаламгермен БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында әңгімелестік. Сұхбатта журналистиканың бүгінгі ахуалы, фактінің құны, мемлекетшілдік ұстаным және жас журналистердің кәсіби деңгейі туралы ойлар айтылды.
– Жұмабек аға, алда келе жатқан БАҚ қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Баспасөзді қадағалап отырасыз ба? Қазір нені жазып, нені жаза алмай жүрміз?
- Әрине, елдегі, сырттағы жаңалық, өзгерісті ұдайы назарымды ұстаймын. Біраз дүниелерді жазып жатыр ғой, ақпарат құралдары бар, басқасы бар дегендей. Соның ішінде, менің ойымша, керегі де бар, керексізі де жетеді. Ал өз шығармашылығыма келетін болсақ, бір кітабымды жазсам деймін. Әзірше миымда пісіріп жатқан жайым бар. Қағазға түсіретін уақыт келеді ғой.
- Журналистика қоғамның айнасы деп жатамыз ғой. Тәуелсіздік жылдарында қоғам қаншалықты өзгерді, журналистика ол үдеріске ілесе алып отыр ма?
- Сөз жоқ, журналистика қоғамның айнасы болуға тиісті. Өйткені, ол бүкіл әлемде және өзіміздің елде не болып жатыр деген сұраққа жауап беруге тиісті. Тәуелсіздігіміздің 35 жылы ішінде қоғам мүлде өзгеріп кетті ғой. Айталық, бұрын «Үкімет өлтірмейді» деген ұранмен, ұғыммен өмір сүрдік. Иә, үкімет жұмыс тауып берді, оқытты да, емдеді де бәрін өз мойнына алды. Ал, қазіргі қоғам олай емес. Адам өзі үшін өзі еңбектеніп тер төгуі керек. Дегенмен, әлгінде айтып кеткен «Үкімет өлтірмейді, Үкімет неге бермейсің? Үкімет неге бұлай істемейсің?» деген масылдық ой халықтың санасынан әлі де кетпей жатыр. Мінеки, журналистика осы жағын қоғамға, халыққа дұрыстап түсіндіріп берсе сол жақсы болар еді деймін. Бірақ, көптеген жағдайда біздің журналистеріміз жай ғана, ешқандай пайдасы жоқ оны-мұны бірдеңелерді жазумен шектеліп жүрген сияқты көрінеді. Мен айтар едім, адамзаттың абызы Абай өз заманы түгіл бүгінгі заманның журналисіндей, публицисіндей қызмет атқарып кетті. Халыққа, қоғамға пайдалы сөзді айтып берді. Мінекей, мен қазіргі журналистерден және болашақ журналистерден осы Абай секілді халыққа пайдалы, мемлекетке пайдалы сөздерді айтса, жазса екен деген ойды жеткізгім келеді.
– Қазір азаматтық журналистика, ашықтық деген түсінік алға шықты. Осы тұста дәстүрлі журналистика қандай бағыт ұстануы тиіс?
- Жалпы, журналистиканы дәстүрлі журналистика, басқа журналистика деп бөлу қате. Журналистиканың қай саласында еңбек етсін, ол ел үшін, халық үшін жүмыс істеуі керек. Мәселен, мен Алматыға келген соң «Сұхбат» дейтін газетте жүмыс істедім. Сол басылымда жүріп мен еліміздің экономикасы жайлы, экономиканы қалай дұрыстау керектігі туралы пікірімді ашық жазып жүрдім. Дәл сол тұста мен Назарбаев бастаған бір реформаға ашық қарсы болдым. Ол – ауыл шаруашылығын жекешелендіруге қатысты реформа болды. Ауыл шаруашылығы саласында халқымыздың 46 пайызы күн көрісін тауып отырғанын жақсы білемін. Сондықтан сол 46 пайыз қайда кетеді, қалай күнін көреді, ертеңі қалай болады деген сауалдар мені мазалайтын. Бұрын совхоз директорының айқайымен зорға жұмыс істейтін азаматтар совхоз меншігіндегі малды бөліп алған соң оны баға ала ма (?) деген сұрақты қоғам алдына қойдым. Ақыры не болды? Сол кезде қой-қозысымен есептегенде 60-70 миллиондай бас халыққа таратылып берілді. Айналдырған екі-үш жыл ішінде сол малдан 18-20 миллиондай-ақ бас қалды. Ол кезде қойдың құны да болған жоқ, бір. Екіншіден, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Халықтың білімсіздігін, икемсіздігін көре отырып «халықшыл» болып көріну саясаты жүзеге асты. Бұл қате ұстаным. Иә, менде халықшылмын, кім де болса өз халқын жақсы көреді. Бірақ, халықтың өзін де сынау керек, намысын жанып, ояту қажет. Сол кезде мені билік басындағы, партия қызметіндегі үлкен кісілер, экономист ғалымдар шақырып алып, «жазып жүргенің дұрыс, бірақ бұл амалсыздықтың салдары» деп егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол кезде де ауыл шаруашылығы мемлекеттік дотацияда болатын. Тікелей Үкіметтің қолдауымен жұмыс істейтін. Қаражат Мәскеу арқылы шешіліп, бөлінетін. Ашығын айтқанда, табысы аз, мемлекет қазынасына «зиянды шаруашылықтың» бірі еді. Сондықтан, мемлекет бұрынғыдай Мәскеуден қаржы ала алмайтын болғандықтан, Қазақстан банкінде ақша қалмағандықтан осылай істеуге Президентіміз мәжбүр болып отыр деп ақыл айтты. Мен қисынды ақылға тоқтап, оларды тыңдадым. Бұл бір. Екіншіден, оппозиция болсын, мейлі, қандай салада болсын журналист мәдениетті тілмен сөйлеп, жазуы керек.
– Журналистикадағы жауапкершілік, мемлекетшілдік көзқарасты қоғам мен биліктің қабылдауы қай деңгейде?
– Журналистика саласында жүрген қай-қайсымыз да Қазақстанның біртұтастығын, халықтың дұрыс өмір сүруін, әл-ауқатының көтерілуін негізгі назарда ұстауы тиіспіз. Мейлі, сен оппозициялық ұстанымда бол, мемлекеттік БАҚ қызметкері бол, блогер боласың ба бәрібір. Тек мемлекетіміз бен халқымыздың жақсы өмір сүруі үшін сөз айтпасаң бүлікші, бүлдіргі, ақшаға сатылғыш пенденің бірі болғаның. Сөзің адал, әділ әрі мәденеитті болсын. Журналистикадағы ең басты ұстаным да талап та осы.
– Бұлай сұрап отырғаным, бір кездері өзіңіз де оппозияциялық басылымдарда қызмет еттіңіз, билікті сынап мақалалар жаздыңыз ғой…
– Сұрағыңды түсіндім. Мен қандай ақпарат құралында қызмет етсем де ешқашан біреудің жеке басына тиісіп, оның тұлғалық болмысына, құқығына сол сұққан емеспін, сынасам ісін, жұмысын сынадым. Нақты дерек пен дәйектерді алға тартып сөйледім.Мысалы, кезінде «Солдат» газетінде қызмет еттім. Нағыз оппозициялық басылым ғой. Сол кезде «Үйсін ағайдың үйінде» деген тақырыпта көлемді мақала жаздым. Мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі құрған билік жүйесі негізінен Үйсін руының адамдарынан тұратынын, бұл трайбализм екенін, кімдерді жұмыстан шығарып, орнына кімдерді алғанын атын атап, түсін түстеп жаздым. Ешкім ештеңе деген жоқ, сотқа да бере алмады. Өйткені нақты фактілерді алға тартып отырмын ғой. Келесі бір мақаламның тақырыбы «Нұрқадәловтің басы – Назарбаевтың добы» деп аталды. Ащы сөз бе, ащы сөз. Бірақ, қазақта «Адамның басы – Алланың добы» деген сөз бар ғой, осыны негізге ала отырып, ешкімнің жеке басына тіспей-ақ, жұмысында жіберген қателіктерді жазып шықтым. Мақаланы жазар кезде Зәкеңнің алдынан өттім, осылай материал жазғалы жатырмын, сіздің қызмет барысындағы кейбір кемшіліктеріңізді сынап жазамын деп ескерттім. Мақала шықты, бірақ бір адам «сенің жазғаның дұрыс емес» демеді, тек нақты дерекке сүйенген материал болатын. Міне, біздің қазіргі журналистердің ең осал тұсы осы. Фактіден қашып, біреудің жеке басына өтіп, түрлі теңеулер айтып, жөн-жосықсыз мінеп жатады. Ондайға кәсіби журналистка бармауы керек. Журналист әрқашан өзіне ешкімнің қамшысы тимейтіндей, ал өзінің қамшысы кемшілікті сойып салардай дәрежеде жазуы қажет.
Нақты қай жылы екенін ұмытып отырмын, сол 90 жылдары бір газетке «Лаффер қисық сызығын ескерейік» деген тақырыппен мақала жарияладым. Кезінде салықтардың бюджетке түсуін зерттеген америкалық экономист Артур Лаффер салық мөлшері арасындағы тәуелділік туралы теория ұсынған. Ол қазіргі нарықтық экономиканың білгірлерінің бірі. Сол мақалада мен қазір НДС деп жүрміз ғой, қосылған құн салығының экономикаға паразит, яғни жегі құрт болып түсетінін жаздым, жазғанда кәдімгідей түсіндіріп бердім. Мақала шыққан соң вице-Президент Ерік Асанбаев ағамыз шақырып алып, «дұрыс жазыпсың, әдемі айтқан екенсің» деп қуанып, қолымды қысты. Сол кезде Өмірзақ Шүкеев Премьер-министрдің орынбасары, экономикаға жауапты болатын, Президенттің шешімімен Министрлер кабинеті енгізгелі отырған ҚҚС алынып тасталды. Содан кейін менің экономика тақыбырында жазған мақалаларым Нархоз университетінде «источник» дейміз ғой, яғни, дереккөз ретінде оқытыла бастапты. Ол туралы маған сол кездегі ректор Нұрғали Мамыровтың өзі айтты. Қазіргі журналистер осылай өз материалы арқылы елге, халыққа пайдалы дүние айтуға тырысуы керек деп ойлаймын.
– Бірақ, Үкімет былтыр ҚҚС-ын бәрібір енгізді ғой. Ресми мәліметтерде көрсеткіштер жақсарғаны да айтылып жатыр…
– Қосылған құн салығын өсіргенен айтарлықтай жақсарған ештеңе жоқ. Үкіметтің алға тартқан көрсеткіштері басқа өсім көздерінен қалыптасып отыр. Мен жақында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге ҚҚС-ның экономкаға зияны болмаса пайдасы жоқ екенін дәлелдеп тағы да жазып жібердім. Жазғанда нақты былай дедім: «Маған ешқандай айлық төлеудің қажеті жоқ, осы ҚҚС-ның зиянын тегін-ақ түсіндіріп берейін, болмаса орныңды 2-3 айға бере тұр жалақысыз жұмыс істеп, реттеп берейін» деп жаздым. Үкімет ҚҚС дегенді мүлдем алып тастап, оны ұмыту керек.
– Кезінде «Айқын», «Дала мен Қала» секілді газеттер арқылы көлемді публицистикалық мақалалар жазып, Үкімет жұмысына сын, тіпті ұсыныстарыңызды да айтқаныңызды білеміз. Сол кезде билік қалай қабылдады, кері байланыс, құлақ асулар болды ма?
– Мен қай басылымда істемейін, сын жазбаған кезім болмаған шығар деп ойлаймын. Солай жазу қажет болды, өйткені өзім көріп, біліп тұрған саланың кемшілігі туралы жазбасам ол өзіме сын болар еді. Кеңестік кезеңде де газеттің экономикалық бөлімінде қызмет ете жүріп бірнеше сын материалдар жаздым. Шаруашылықтар неге тиімсіз жұмыс істейді, не себепті мемлекеттік дотацияға арқа сүйеп алған деген проблемаларды көтердім. «Мынауың дұрыс емес, жала жауып отырсың» деп бір шененунік айтқан емес. Барылғын да нақты факті, дәйекке сүйеніп жазатынмын. Мен жалпы Үкіметтің жұмысындағы кемшіліктерді, экономикалық блоктың қызметіндегі кемшіліктерді сынадым.
– Сізді әріптестеріңіз «диктофка» жасаудың шебері деп айтады. Қазір мүлде сирек қолданылатын мұндай тәсілді кімнен үйредіңіз?
– Мен диктофка жасауды ешкімнен үйренген жоқпын, оған қалай келгенім де есімде жоқ. Жас кезімде өлең жазатын едім, жазғанда арнайы жабаймын, күтпеген жерде келіп қалғанда қағазға түсіретінмін. Сол қасиет әсер етті-ау деп ойламын, диктофка жасауды ерте кезден бастап кеттім. Диктофка жасау үшін ең бастысы қазақтың сөзін жақсы білуің керек деп ойлаймын. Сонда қиналмайсың құйылып түсе береді сөз. Қазір тіл тазалығына қатысты мәселе көп. Осы күнге дейін біз Абай, кешегі Ахаңдар, Мұхтар, Сәбиттер негізін салған тіл нормасын қолданып келдік. Қазір оңтүстік пен батыстың диалекті сөздері әдеби нормаға араласып кетті. Бұдан құтылу керек деп ойлаймын, журналистикада тіл тазалығы сақталуы қажет. Мәселе, диктофкамен жазу емес, ең бастысы – оқырманды разы қылатындай пайдалы, сауатты дүние жазу.
–Аға буын журналистер кейінгі жастар кітапты аз оқиды, сөзді дұрыс қолданбайды деп сөгіп жатады. Дегенмен, жастар бірнеше тілді меңгеруге басымдық беретіндей. Әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен шыныды айтсам кімнің қандай кітап оқитынын, не оқып жүргенін білмеймін. Ал, өзіме келсем, мен өзіме керек, қажетті деген кітаптарды ғана оқыдым. Әсіресе, ғылыми еңбектерді, өзім жазатын салаға қатысты кітаптарды оқып, сол саланы жеткі білуге күш салдым. Қазіргі журналистерге де айтарым, өзің жазатын саланың ғылыми негізін дұрыс білмесең ештеңе шығара алмайсың. Әп нәрсенің басын шалып жазғаның оқырманды, халықты қанағаттандырмайды. Менің қынжылатыным бізде салалық журналистика, бір тақырыпқа маманданған журналист жоқ секілді көрінеді. Мен экономика саласында жазылған қаншама еңбекті оқыдым, барлық ЖОО-ның кітапханаларын сүзіп, зерттеу еңбектермен таныстым, қаншама ғалымдармен пікірлестім, әйгілі ғалымдарды арнайы іздеп барып, сөйлесетін едім. Осылайша білімді толықтырдым және жаза жүріп өзімді кәсіби тұрғыда шыңдадым. Мен Алматыға келгелі бері өзімнен кейінгі жастар ішінен Айгүл Аханбаева дейтін қарындасымызды, иманды болғыр, өзім айтып отырған талаптарға сай жұмыс істейтінін көріп риза болдым. Басқалар жайлы дәл осы сөзді айта алмас едім. Қазір ондай кәсіби тұрғыда мақала жазып, қоғамға ой тастап жүрген журналистерді кездестіре алмай жүрмін. Көбінің айтары қызыл сөз, дәйексіз пікір. Өздерін ғана қызықтап кететін секілді. Оған блогерлер қосылды. Журналистика түзелмей қоғам да түзелмейді. Елге, мемлекетке, тіптен өзіңе пайдала сөз айта алмасаң сөйлемей-ақ қойғаның абзал. Журналист – журналист бола жүріп көреген болуы керек, ғылыми негізде көреген бола білуі керек. Ағаш қисайып тұр деп жазғаннан не пайда, оны бәрі көріп отырған болса. Ол ағашты түзетудің жолын айтуың керек. Жақсы журналист көп болса еліміздің, халықымыздың дамуына үлкен үлес боларына өз басым сенемін.
Сөз соңында айтарым, қазіргі журналистер тегіс Абайдың 39-қара сөзін оқып шықсын дер едім. Ұлы ақын сол сөзінде өз заманындағы қазақтардың бұрынғы қазақтың бойындағы екі қасиетінен айрылып бара жатқанын жазады. Абай өз ұлтының бет-бейнесі ұлттық келбеті жоғалып бара жатқанына қатты алаңдаған. Ол қандай қасиет десеңіз, онда сол 39-қара сөзді және бір оқып шығып, ой түйіңіздер дегім келеді. Сол кезде сөзіміз де түзеліп, ойымыз да оңалар.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бауыржан Базар