Қазақстан президентінің Бельгия корольдігіне ресми сапары аяқталды. Әдетте, мұндай сапардың салмағы сандармен өлшенеді, оның үстіне Брюссель Еуропа капиталының сөресі. Сонымен, сапар аясында жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларға қол қойылды. Тоқаев кімдермен кездесті, не деп келісті?
Тоқаев, Кошта мен фон дер Ляйен
Сапардың өзегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесуі болды. Бұл екеуі Еуроодақтың бүгіні мен ертеңін бағамдап отырған басты тұлғалар. Тоқаев тоқетерін бірден айтты.
«Мен Брюссельге нақты мақсатпен келдім, ол - барлық саладағы өзара байланысты кеңейту».
«Тоқаев Брюссельге «Орта дәліздің» мәртебесін бекіту үшін келді», деп жазды осы күндері Еуропаның бетке ұстар БАҚ-ы Euronews. Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы байланыстыратын «Орта дәліз» маршруты бұл сапардың күн тәртібіндегі жалғыз мәселе болмаса да, басты сұрақтың бірі екені рас. Сондықтан, ЕО басшыларымен кездесу барысында Президент әуелі көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселесіне тоқталды.
Жол Қытайдың шығыс жағалауындағы Ляньюньган портынан басталып, Сиань қаласындағы бас хаб арқылы өтіп, Қазақстанға кіреді. Одан әрі оңтүстікке қарай Өзбекстанға, ал батысқа қарай Каспий теңізіне тармақталады. Содан кейін теңіз жолы арқылы Әзербайжан мен Грузия порттарына жалғасып, Румыния, Венгрия және Польша хабтарымен аяқталады.
Қазіргі геосаяси жағдайда бұл – Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы үшін өте маңызды транзит жолы. Әрі Орта дәліз Ресей арқылы өтетін Солтүстік дәлізге қарағанда шамамен 3 000 шақырымға қысқа.
«Қазақстан өзара көлік байланысын қамтамасыз етуде басты дәліз саналады. Транскаспий халықаралық көлік бағдары – осы бағыттағы ынтымақтастықтың табысты мысалдарының бірі», деп қоштағы Еуропалық Кеңес Президенті Кошта.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен ЕО басшылары кездесу нәтижесінде он тармақтан тұратын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Оның ішіндегі қарапайым қазақстандықтар үшін маңызды жаңалық бар, Еуропаға жаңа әуе рейстері ашылады, визалық режим жеңілдей түспек. Яғни, Шенген визасын рәсімдеу кезінде қажетті құжаттар тізімі қысқарады, консулдық алымдар азаяды және азаматтардың кейбір санаттары (студенттер, бизнесмендер, журналистер, ЕО азаматтарының туыстары) үшін виза алу тәртібі жеңілдемек.
Антверпеннен Астанаға дейін
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесуден бастағанын атап өтпеске болмайды. Бельгия көлемі жағынан шағын мемлекет болғанымен, Еуропаның қаржылық және логистикалық орталықтарының бірі саналады. Әлемдегі ең ірі порттардың бірі – Антверпен дәл осы елде орналасқан. Президент Тоқаевтың айтуынша, соңғы жиырма жылда Бельгиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 15 миллиард доллардан асқан. Бельгия Қазақстандағы ең ірі он инвестор елдің қатарына кіреді. Бүгінде елімізде бельгиялық капиталдың қатысуымен құрылған 110-нан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
«Брюссель Еуропа капиталының сөресі екенін білеміз. Сол сөреде жатқан миллиард еуро инвестицияға біз қол салғанда, бастысы ешкім «тәйт» демеуі керек. Сондықтан, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесуі жай ғана дипломатиялық протокол емес. Бұл Қазақстанның Еуропадағы экономикалық позициясын күшейтетін маңызды саяси сигнал», деп топшылайды сарапшы Айбар Олжаев.
Дөңгелек үстел һәм 12 млрд доллар
Тоқаевтың сапары барысында «Қазақстан-ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Ресми жаңалықта оған «Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер іскерлік орта өкілдері» қатысты деп құрғақ анықтама берілгенмен, сайып келгенде бұл кездесуге Батыс бизнесінің акулалары қатысқан. Олармен көктегі авиациядан, теңіздегі техника, қорадағы жұмыртқа, жердегі минералға дейін келісім жасалды. Сондай-ақ, Еуропалық инвестициялық банк жол инфрақұрылымына 150 млн еуро бөлетін болды. Қазақстан Францияның «Airbus» компаниясынан 50 ұшақ сатып алмақ.

Инвестицияның үлкен-кішісі жоқ. Мысалы, даниялық «Thornico» агроөнеркәсіп холдингі Қазақстанда жұмыртқа зауытын салуды жоспарлап отыр.
«Жезқазған сирек металдар кәсіпорны мен Аустрияның РNP компаниясы арасында келісім жасалды. Яғни, күкірт қышқылын қалпына келтіру және өндіру зауыты салынады. Ол түрлі металдарды өңдеуде, химиялық өнімдерді өндіруде қолданылады», дейді ктағы бір әсіпкер Паул Пиантино.
Тоқаев Еуропалық бизнеске естірте айтты, «Қазақстан аса маңызды минералдарды игеруде Еуропаға сенімді серіктес болуға дайын. Қазақстан Еуропалық одақтың аса маңызды шикізат ресурстары тізіміне енген 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір».
«Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар. Қазақстан минералдарды жай ғана шикізат түрінде сатуды көздеп отырған жоқ. Керісінше, «офтейк» келісімдері негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынады. Яғни еуропалықтар минералдарды Қазақстанда өңдеп, қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құрады», дейді сарапшы Айбар Олжаев.
Қазақстанға шет елден тікелей тартылған инвестицияның жартысы Еуропа Одағы елдеріне тиесілі. Елімізде 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Ендігі меже Қазақстан еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы алуға дайын.

«Біз инфрақұрылымға, атап айтқанда, мыңдаған шақырым темір жол салуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бұл күш-жігеріміз Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді еуразиялық қауіпсіз байланысқа арналған негізгі әрі орнықты магистральға айналдырады», деді Тоқаев.
Брюссель сапары барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімнің мәні тек қаржының көлемінде емес, сенімде жатыр. Еуропаның бизнесі тым сақ, «екі шұқып, бір қарауды» үйренген. Олар кез келген елге мұндай көлемде капитал салмайды. Бірақ, бұл сенім авансын ақтауға да аз күш жұмсалмайтыны анық. Ендігі міндет - капиталды кіргізіп қана қоймай, оны ұстап қалу, ұқсата алуда болып тұр.