homepage
фото: коллаж Juzmedia

Үш күннен соң 24 жасқа толар еді: Ербаян Мұхтар қайтыс болды

24.06.2026, 10:23

Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ауыр жарақат алып, екі жарым жылдан астам уақыт бойы ауыр халде жатқан Ербаян Мұхтар көз жұмды. Бұл ақпаратты отбасының адвокаты Инга Иманбай растады.

Оның айтуынша, Астанадағы Ұлттық шұғыл медициналық орталық дәрігерлері кешкі уақытта Ербаянның ата-анасына хабарласып, оның жүрегі тоқтап қалғанын хабарлаған. 27 маусым күні Ербаян 24 жасқа толар еді.

Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіттің жүрегі бірнеше рет қысылып, 23 маусым күні сағат 21:40-та жүрегі тоқтап қалған. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі

Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады.

«Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда аса ауыр бас-ми жарақаты мен оның салдарынан туындаған асқынулар науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермеді», – деп хабарлады ведомство.

Министрлік мәліметінше, 2023 жылдан бері Ербаянның жағдайы ауыр болған. Соңғы айларда оның жағдайы күрт нашарлап, негізгі диагнозға инфекциялық асқынулар мен сепсис қосылған.

«Қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді», – делінген ақпаратта.

Ербаян Мұхтардың оқиғасы

Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткерген. 2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен.

Әскери бөлім басшылығы сарбаздың дәретханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын мәлімдеген. Алайда дәрігерлер оған мидың ауыр жарақаты, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және өзге де ауыр жарақаттарды анықтады. 

Туыстары ресми нұсқаға күмән келтіріп, оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. 

Қазақстандықтар оның еміне 224 миллион теңгеден астам қаражат жинады. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі, ІІМ және Қорғаныс министрлігі емдеу шараларын ұйымдастырып, оның Түркияның Ыстанбұл қаласына барып ем алуына қолдау көрсеткен еді.