homepage
Фото: FIFA

Португалия Конгоға кеткен өшін Өзбекстаннан алды

24.06.2026, 10:03

Кеше кешкісін футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңі аясында өткен матчта Португалия құрамасы Өзбекстанды 5:0 есебімен жеңді. Осылайша бірінші турда Конгода кеткен өшін португалдар өзбек ағайынан алды.

АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы «NRG Stadium» аренасында өткен бұл кездесуде Криштиану Роналду дубль жасап, тарихи рекордтарды жаңартты. Роберто Мартинес шәкірттері кездесудің алғашқы минуттарынан бастап допты толық бақылауға алды. 6-минутта Роналду соққан шапшаң гол өзбек қорғаушыларының тактикалық жоспарын бұзып, португалдықтардың сенімді ойнауына жол ашты. 41 жастағы Криштиану Роналду матчтың басты кейіпкері. Ол футбол тарихында 6 бірдей Әлем чемпионатында гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Әлемдік біріншіліктер тарихындағы ең егде гол авторларының тізімінде Роже Милладан (42 жас 39 күн) кейінгі екінші орынға тұрақтады (41 жас 138 күн). Мундиалдардағы гол санын 10-ға жеткізіп, Португалия тарихындағы ең үздік сұрмерген Эйсебиодан (9 гол) асып түсті. Ал Фабио Каннаваро баптайтын Өзбекстан құрамасы тарихта алғаш рет әлем чемпионатына қатысып жатқандықтан, азулы қарсыласқа қарсы ешқандай қауқар көрсете алмады.

Алғашқы таймда қорғаныстағы позициялық қателіктер мен екінші таймдағы қақпашы Нематовтың автоголы команданың рухын түсіріп жіберді. Ал Азизжон Ганиевтің алыстан бағыттаған жойқын соққысы қақпаға енгенімен, төреші ереженің бұзылуын тіркеп, голды есепке алмай тастады. Ойында соғылған голдарға келетін болсақ, сол 6 минутта Криштиану Роналду есеп ашқан соң, Нуну Мендеш 17 минутта айып добын асқан шеберлікпен орындап есепті 2:0-ге жеткізді. 39 минутта Роналду дубль жасады. 60 минутта қақпа алдындағы қарбалас кезінде Абдувохид Нематов автогол авторы атанды. Ал ойынның негізгі уақыты аяқталар тұста 87-минуттта Рафаэль Леау  бесінші голды салды. Екінші турдан кейін К тобында 4 ұпаймен Португалия көш бастады. Өзбекстан құрамасы екі жеңілістен кейін плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін айтарлықтай қиындатып алды. Олардың топтық кезеңдегі соңғы матчы 28 маусымда Конгоға қарсы өтеді. Португалия болса дәл сол күні Колумбиямен топ жеңімпазын анықтайды. 

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының L тобындағы екінші тур матчында Англия мен Гана құрамалары 0:0 есебімен тең тарқасты. АҚШ-тың Бостон қаласындағы «Boston Stadium» аренасында өткен бұл кездесу тартысты әрі қорғанысқа негізделген тактикалық текетіреске толы болды. Томас Тухель алғашқы турмен салыстырғанда қорғанысқа Джон Стоунздың орнына Марк Гехиді, ал жартылай қорғанысқа Диед Спенсті шығарды. Кездесуде ағылшындар допқа иелік ету көрсеткішін 78.8% пайызға жеткізді. Бұл - Англия құрамасының әлем чемпионаттары тарихындағы ең жоғары көрсеткіші. Алайда, осыншама басымдыққа қарамастан, «үш арыстан» Гананың тас-қамал қорғанысын бұзып-жара алмады. Осылайша Англия өз тарихында мундиалдарда 13-ші рет 0:0 есебімен тең ойнап, бұл жағынан да әлемдік антирекордты жаңартты.

Ойыннан кейін Sky sports арнасына сқхбат берген Гана құрамасының бас бапкері Карлос Кейрос команданың тактикалық жоспары толық орындалғанын жеткізді. «Қара жұлдыздар» өз айып алаңының маңында «автобус» қойып, қарсыласқа ешқандай бос кеңістік қалдырмады. Әсіресе қорғаушы Марк Гехидің Англия сапында 126 дәл пас беріп, рекорд орнатқанына қарамастан, Гана футболшылары оны 7 рет ереже бұзу арқылы тоқтатып, шабуыл қарқынын басып отырды.Ойынның ең қауіпті сәттері матч соңында болды. 87-минутта Англияның жас дарыны Нико О'Рейли баспен соққы жасағанымен, доп қақпа маңдайшасына тиіп кері қайтты. Іле-шала Гарри Кейн де есеп ашуға мүмкіндік алған, бірақ оның да соққысы сәтсіз аяқталды. Екінші жағынан, Гана құрамасы да соңғы секундтарда пенальти сұрап, төрешіге наразылық білдірді. Кездесудің үздік ойыншысы атанған Джуд Беллингем бұл нәтижені Англияның дәстүрлі «екінші ойын синдромымен» яғни, әдеттегідей екінші турда ұпай жоғалтуымен байланыстырды. L тобында екінші турдан 4 ұпаймен Англия бірінші орында, 4 ұпайы бар Гана екінші орында, 3 ұпайы бар Хорватия үшінші орында тұр. Осылайша бұл топтағы жағдай да шиеленісе түсті. Енді Англия 27 маусымда Панамамен кездеседі, ал Гана дәл сол күні Хорватияға қарсы матч өткізеді. Англияға плей-оффқа шығу үшін соңғы турда тең ойын да жеткілікті. 

Бүгін таңертең футболдан әлем чемпионатының L тобындағы екінші тур матчында Хорватия құрамасы Панаманы 1:0 есебімен зорға жеңді. Канаданың Торонто қаласындағы «Toronto Stadium» аренасында өткен бұл тартысты кездесу Хорватияны турнирде алып қалса, Панаманы мерзімінен бұрын мундиалдан шығарып жіберді. Бұл кездесу хорват футболының аңызы Лука Модрич үшін ерекше болды. Ол өз ұлттық құрамасы сапында 200-ші мерейтойлық ойынын өткізіп, әлемдік футбол тарихында бұл межені бағындырған төртінші еркек кіндікті ойыншы атанды. Ойын алдында Хорватия футболшылары Модричтің құрметіне арнайы жейделер киіп, оны көкке лақтырып құттықтады. Капитан 82-минутқа дейін ойнап, алаңнан жанкүйерлердің зор қошеметімен шықты. Ойыйнға келер болсақ, бірінші таймда Хорватия допқа көбірек иелік еткенімен (64%), Панаманың бес қорғаушысынан өте алмады. Есепті өзгерту үшін бас бапкер Златко Далич екінші таймның басында қорғаушы Йошко Гвардиол мен шабуылшы Петр Мусаны алаңнан алып, орнына Анте Будимир мен Андрей Крамаричті шығарды. Бұл тактика 54-минутта өз жемісін беріп, қосалқы құрамнан қосылған Будимир гол соғып, Хорватияны алға шығарды. Ал Панама құрамасы болса, жеңіске бергісіз ойын көрсетті. Алғашқы таймда Хосе Луис Родригестің баспен бағыттаған жойқын соққысын Хорватия қақпашысы Доминик Ливакович саусақтарының ұшымен қақпа маңдайшасына бағыттап, жаны қалды. Әсіресе 68-минутта панамалықтар Хорватия қақпасын атқылаған сәтте Ливакович қатарынан үш бірдей қиын соққыны қайтарып, командасын голдан құтқарып қалды. Сөйтіп, Панама соңғы минуттарға дейін шабуылдағанымен, есепті теңестіре алмады және екі ойыннан кейін 0 ұпаймен әлем чемпионатымен қоштасты. Енді Хорватия құрамасы 27 маусымда Ганамен плей-офф жолдамасы үшін шешуші, «өмір мен өлім» матчын өткізеді. Оларға тек жеңіс қажет. 

Бүгін таңертең аяқталған К тобындағы екінші турдың соңғы матчында Колумбия құрамасы Конго командасын 1:0 есебімен жеңді. Мексиканың Гвадалахара қаласындағы «Guadalajara Stadium» аренасында өткен бұл кездесудегі жеңіс Колумбияға мерзімінен бұрын плей-оффқа шығуға жолдама сыйлады. Тартысты кездесудің 76 минутына дейін есеп ашылмады. Дәл осы минутта Колумбияның жартылай қорғаушысы Хуан Кинтеро айып алаңының сыртынан допты ортаға асырды. Шабуылшы Джон Кордоба қарсыластың қорғаушыларымен жағаласып жүріп, допты өзіне қабылдап, оны ыңғайлы позицияға шығарды. Осы сәтте артқы шептен жүгіріп келген қорғаушы Даниэль Муньос бос кеңістікті пайдаланып, допты бірден солаяғымен қақпаның төменгі бұрышына солқ еткізді. Жалпы осы кездесуде колумбиялықтар қарсылас қақпасына 20 соққы бағыттаған. Соның біреу ғана гол болды. Конго құрамасы бірінші турда Португалиямен тең ойнап, сенсация жасаған тактикасын бұл жолы да қолданды. Олар 5 қорғаушымен тығыз қорғаныс шебін құрып, Колумбияның жұлдызды шабуылшысы Луис Диастың адымын аштырмады. Аштырмады емес, матч барысында Колумбия құрамасының шабуылшысы Луис Диас екі рет гол салған. Екеуінде де төреші голды есепке алмады. Алдымен Диас қақпашыдан айласын асырып, допты асыра тастағанымен, оның алдында ереже бұзылғаны тіркелді. Ал екінші таймда Ричард Риостың пасынан кейін соққан голында офсайд белгіленіп, колумбиялық жанкүйерлердің қуанышы су сепкендей басылды. Тек 76-минутта оң қанаттан қосылған қорғаушы Даниэль Муньос қана Мпаси қақпасының кілтін таба алды. Ал Конго құрамасының қақпашысы Лионель Мпаси матч бойы 6 рет өте қиын соққыны қайтарып, командасын ірі есептен аман алып қалды.

Осы жеңісінен кейін Колумбия 6 ұпаймен мерзімінен бұрын келесі кезеңге өтті. Енді 27 маусымда топтың соңғы турында Колумбия мен Португалия топ жеңімпазын анықтау үшін өзара бақ сынайды. Ал Конго құрамасы плей-оффтан үмітін үзбеу үшін соңғы турда міндетті түрде Өзбекстанды жеңуі керек. 

Бекәлі Жәдік