Біріккен Ұлттар Ұйымының тәуелсіз тергеу комиссиясы жариялаған баяндамада Израиль билігі мен қауіпсіздік күштері Газа секторында палестиналық балаларды әдейі нысанаға алғаны, бұл әрекеттердің геноцидке, адамзатқа қарсы қылмыстарға және әскери қылмыстарға алып келгені айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Сейсенбі күні жарияланған есепті БҰҰ-ның Шығыс Иерусалимді қоса алғанда, басып алынған Палестина аумақтары мен Израильдегі жағдайды зерттеу жөніндегі тәуелсіз халықаралық комиссиясы әзірлеген. Құжатта 2023 жылғы 7 қазанда Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғаннан бері палестиналық балалардың құқықтарының бұзылуы қарастырылған.
Баяндамаға сәйкес, Газадағы соғыс кезінде қаза тапқандардың шамамен 30 пайызын балалар құраған.
Комиссия бұған дейін, өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған есебінде Израильдің Газада геноцид жасағанын және бұл әрекеттерге Израильдің жоғары лауазымды шенеуніктері, оның ішінде премьер-министр Биньямин Нетаньяху арандатқанын мәлімдеген болатын. Израиль бұл айыптауларды жоққа шығарып, оларды «жанжал туғызатын мәлімдемелер» деп атаған.
Израильдің Женевадағы өкілдігі жаңа баяндаманы «Комиссияның екінші жала жабу туралы есебі» деп атап, оның қорытындыларын қабылдамайтынын мәлімдеді.
«Израиль бұл жала сипатындағы айыптауларды жоққа шығарады. Әрбір бала қорғалуға лайық. Баяндамада ХАМАС-тың қатыгез әрекеттері ескерілмеген», – делінген Израиль тарапының мәлімдемесінде.
БҰҰ комиссиясының мәліметінше, палестиналық балалар соғыс барысында, соның ішінде 2025 жылғы қазанда күшіне енген атысты тоқтату келісімінен кейін де әдейі шабуылдардың нысанасына айналған.
Комиссия төрағасы Сринивасан Муралидхардың айтуынша, бұл фактілер Израиль билігі мен қауіпсіздік күштерінің Газа секторындағы палестиналық топты толық немесе ішінара жою ниеті болғанын көрсететін маңызды дәлелдердің бірі.
«Жиналған дәлелдер палестиналық балалардың Израиль қауіпсіздік күштерінің нысанасына әдейі алынғанын және өлтірілгенін көрсетеді», – деді комиссия төрағасы.
Баяндамада қазіргі соғыста балалар арасындағы өлім-жітім деңгейі бұрынғы қақтығыстарға қарағанда жоғары екені айтылған. 2023 жылғы 7 қазан мен 2025 жылғы 7 қазан аралығында кемінде 20 179 бала қаза тапқан. Бұл – соғыс құрбандарының шамамен 30 пайызы.
Салыстыру үшін, 2008–2009 және 2014 жылдары Газа секторында болған әскери қақтығыстар кезінде балалардың үлесі жалпы қаза тапқандардың шамамен 24 пайызын құрағаны көрсетілген.