homepage
Freepik

Түркістан облысында жұмыс уақытында құмар ойын ойнаған төрт мемлекеттік қызметкер жұмыстан шығарылды

23.06.2026, 17:50

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жұмыс уақытында құмар ойындарға қатысқаны анықталған төрт мемлекеттік қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды. Бұл заң бұзушылықтар прокуратура жүргізген талдау барысында белгілі болған.

Аталған әрекеттер мемлекеттік қызмет қағидаттарына, қызметтік әдеп талаптарына қайшы келеді және мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіреді.

«Анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оны қарау нәтижесінде мемлекеттік органдардың 4 қызметкері атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», - делінген хабарламада.

Прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, қызметтік тәртіпті нығайту және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.