homepage

Жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын бұзғандарға 38,9 млн теңге айыппұл салынды

23.06.2026, 11:08

2026 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының сақталуына қатысты 485 тексеру жүргізіп, жүздеген заң бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде 185 әкімшілік айыппұл салынып, олардың жалпы сомасы 38,9 млн теңгеден асты.

Мемлекеттік бақылаумен 56 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар, 23 денсаулық сақтау нысандары, 94 білім беру ұйымдары, 238 әлеуметтік қорғау ұйымдары, 12 мәдениет, 1 спорт нысаны, 3 көлік инфрақұрылымы нысандары, 5 қоғамдық тамақтану орындары, 29 сауда және 24 өзге де нысандар қамтылды.

Осылайша, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті білім беру нысандарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділігіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, уәкілетті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін қалалық ортаның қолжетімділігі мәселесі күн өткен сайын өзектене түсуде және бұл бағыттағы оң өзгерістер іс жүзінде де байқалып келеді. Мемлекеттік мекемелерге, сауда және қызмет көрсету нысандарына барған кезде арнайы жабдықталған кіреберістерді, пандустарды, лифтілер мен тактильді бағыттаушы жолақтарды жиі көруге болады. Ең бастысы, нысан иелері қолжетімді орта қалыптастыруды заң талабы ретінде ғана емес, сапалы қызмет көрсетудің маңызды бөлігі ретінде қабылдай бастады. Мұндай өзгерістер мүгедектігі бар азаматтардың өздерін анағұрлым дербес сезінуіне және қалалық инфрақұрылымды еркін пайдалануға мүмкіндік береді», – деді III топтағы мүгедектігі бар алматылық тұрғын Әлия Жұмағалиева.