homepage

Баянауыл ауданында болған дала өртін сөндіруге тікұшақ жұмылдырылды

23.06.2026, 12:05

Павлодар облысының Баянауыл ауданында дала өрті шығып, оны сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы тартылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Павлодар онлайн сайтына сілтеме жасап.

Өрт Құркелі ауылынан шамамен 27 шақырым жерде құрғақ шөптің жануынан шыққан.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, тілсіз жауды ауыздықтауға облыстық ТЖД күштерімен қатар Құркелі және Аймауытов ауылдарының «Ауыл құтқарушылары» еріктілері мен орман шаруашылығының қызметкерлері жұмылдырылған.

Өртті әуеден сөндіру үшін су төгетін құрылғымен жабдықталған ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы пайдаланылды. Су өрт ошағынан шамамен 11 шақырым қашықтықтағы Шалқаркөл көлінен алынған.

Тікұшақ жалпы көлемі 13 тонна суды бес мәрте төкті.

Бірлескен күштің нәтижесінде өрт толық сөндірілді. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептерін мамандар анықтап жатыр.