homepage
видеодан кадр

Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйелге сот үкімі шықты

23.06.2026, 15:38

Көкшетауда тұрғын үй ауласында жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне себеп болған әйелге қатысты сот үкімі жарияланды. Оқиғаның бейнежазбасы бұған дейін әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамның қызу талқысына түскен еді.

Соттың мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 2026 жылдың мамыр айында болған. Жүргізуші куәлігі жоқ әйел автокөлікті басқарып келе жатып, аулаға бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ауыр жарақат алған әйел ауруханада көз жұмған.

Сот отырысында айыпталушы рөлге жұбайының рұқсатымен отырғанын айтты. Оның сөзінше, күйеуінің денсаулығы күрт нашарлағандықтан, көлікті өзі жүргізуге мәжбүр болған.

Тергеу барысында оның кінәсі өз жауабымен қатар куәлардың айғақтары, оқиға орнын қарау хаттамасы, жол-көлік оқиғасының сызбасы, сараптама қорытындылары және бейнежазба арқылы дәлелденген.

Марқұмның туыстары сотта материалдық және моральдық шығынның толық өтелгенін, айыпталушының кешірім сұрағанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Соған қарамастан сот әйелді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Алайда оның тәрбиесінде екі кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаны өтеу үш жылға кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ адамға автокөлікті басқаруға рұқсат берген көлік иесіне қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп, тергеу жүргізіліп жатыр.