homepage
Фото: FIFA

Сұрмергендер сайысы

23.06.2026, 10:42

Үш елде өтіп жатқан әлем чемпионатының өткен туры үш сұрмергеннің арасындағы сайыс болды. Соның алғашқысы аргентиналық Мессидің тарихи рекордты жаңартуымен жанкүйер есінде қалмақ. Енді кешегі өткен сол ойындарды рет-ретімен талдап көрсек.

Кеше түнде Аргентина құрамасы Аустрияны 2:0 есебімен жеңіп, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалдық плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды. Далластағы «AT&T Stadium» аренасында өткен бұл кездесу толығымен Лионель Мессидің тарихи рекордымен есте қалары даусыз. Ол осы матчта дубль жасап, әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Ойын басталғаннан бастап Аргентина құрамасы допқа иелік етіп, шабуылға белсенді араласты. Аустрия құрамасы Ральф Рангниктің жетекшілігімен қорғаныста өте тәртіпті ойнап, қарсы шабуылдарға арқа сүйеді. Ойынның 30-минут жақындаған тұста, орталық айып алаңына ойқастап кірген Лаутаро Мартинес шын ба, өтірік пе әйтеуір оңбай құлады. Негізі бұндай айла-амалды айып алаңына кірген кез-келген аяқдопшы шебер меңгергенін талай көргенбіз…

Не керек әлгі сәтті VAR әбден тексеріп, қараған соң төреші Аргентина пайдасына пенальти белгіледі. Осы тұста көзқарақты жанкүйердің дәл осы пенальтиге қатысты пікірлері екіге жарылғанын айта кетейік. Қаралыққа Һақтың жаны қас шығар... 29-минутта 11 метрлік айып добын тепкен Лионель Месси мүлт кетті. Біреулері өкініп жатты, біреулері «өзіңе сол керек» деп шоқ тастап жатты... Бірақ табиғатынан талант Месси өз қателігін тез түзетті. Пенальтиден кейін араға 9 минут салып, айып алаңының кіреберісінен сол аяғымен солқ еткізген соққысы Аустрия қақпашысы Патрик Шлагерді қапы қалдырды. Есеп 1:0. Әрі дәл осы гол Мессидің әлем чемпионаттарындағы 17-ші голы болып, Мирослав Клозенің (16 гол) рекордын жаңартты.

Екінші таймда Аустрия есепті теңестіру үшін барын салды. Патрик Виммердің баспен бағыттаған соққысы мүлт кетіп, еуропалық ұжым ең тиімді мүмкіндігін жіберіп алды. Ал матчтың соңғы қосымша минуттарында Хулиан Альварестің сол қанаттан жасаған шабуылынан кейін доп Мессидің аяғына жата кетті. Лео қорғанысты айналып өтіп, өзінің кездесудегі екінші голын соқты. Есеп 2:0. Осылайша, осы ойыннан кейін 39 жасқа толуға санаулы күн қалғанда Месси тарихи нәтижеге қол жеткізді. ӘЧ тарихындағы ең үздік сұрмерген атанып, өзінің голдар санын 18-ге жеткізіп, Мирослав Клозені артқа тастады. Әрі әлем чемпионатының қатарынан 6 матчында гол соққан тарихтағы үшінші футболшы атанды. Бұл жеңістен кейін Аргентина J тобында 6 ұпаймен көш бастап, мерзімінен бұрын плей-оффқа шықты. Ал Аустрия 3 ұпаймен келесі кезеңге өту мүмкіндігін әлі де сақтап тұр.

Ал Франция құрамасы Иракты 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, олар да әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды. Филадельфиядағы «Philadelphia Stadium» аренада өткен бұл кездесу қатты найзағай мен нөсер жауынға байланысты екі сағатқа тоқтатылып, ауа-райына байланысты әлем чемпионаты тарихында өз уақытын өте кеш аяқталған алғашқы ойын болды. 

Франция құрамасы ойынның алғашқы минуттарынан бастап допқа толық иелік етіп, Ирак қорғанысын қыспаққа алды. Ойынның 14-минутында Майкл Олисенің тамаша пасынан кейін Килиан Мбаппе айып алаңының сыртынан сол аяғымен жойқын соққы жасап, есеп ашты, 1:0. Бұл Мбаппенің әлем чемпионаттарындағы 15-ші голы.

26-минутта Ирак құрамасының негізгі шабуылшысы Аймен Хусейн жарақат алып, оның орнына Али Аль-Хамади алаңға шықты. Бірақ бірінші таймда есеп өзгеріссіз қалды. Есесіне тайм аяқталысымен Филадельфия аспанында найзағай ойнап, қатты дауыл соқты. Төрешілер қауіпсіздік мақсатында ойынды тоқтатып, үзіліс тура 2 сағатқа созылды. Осы ұзақ үзілістен кейін француз футболшылары алаңға сергек оралса, екінші таймда Ирак қорғанысы қожырай бастады. 54-минутта Ирак қорғаушысы Заид Тахсин өз қақпашысына сәтсіз пас берген. Допты іліп әкеткен Усман Дембеле оны бос тұрған Мбаппеге асырды. Ал Килиан есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл гол Мбаппені әлем чемпионатының тарихындағы үздік сұрмерген Мирослав Клоземен (16 гол) теңестірді. Ал 66 минутта осы кездесуде ерекше ойын үлгісімен көзге түскен Майкл Олисе бұл жолы Усман Дембелеге тамаша пас шығарып берді. Осылайша Дембеле өз мансабындағы ірі турнирлердегі әлем чемпионаты мен Еуро чемионаттағы алғашқы голын соғып, матчтың нүктесін қойды. Есеп 3:0. Ойынның соңғы минуттарында Мбаппенің хет-трик жасайтын мүмкіндігі болған. Мүлт кетті. Есесіне осы кездесуде ұлттық құрама жейдесін киіп өткізген 100-ші мерейтойлық ойында дубль авторы атанды. Тағы бір қызықты дерек, Мбаппе, Дембеле және Олисе триосы Франция құрамасының осы чемпионаттағы 15 голының 9-ын соққан. Бұл ойында да олар Ирак қақпасына жасалған 19 соққының 15-іне авторлық етті. Ал Ирак құрамасы болса, ойын барысында Франция қақпасына бірде-бір тура соққы жасай алмады. Осы жеңістен кейін Франция I тобында 6 ұпаймен көш бастап, плей-оффқа шықты. Олар топтағы соңғы ойынын Норвегияға қарсы өткізеді. Ал Ирак 0 ұпаймен келесі кезеңнен үміт үзбеу үшін соңғы турда Сенегалды жеңуге тырысып көрмек.

Одан кейінгі кездесуде Норвегия құрамасы Сенегалды 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының 1/16 финалына мерзімінен бұрын жолдама алды. Нью-Джерсидегі «MetLife Stadium» аренасында 5 гол соғылған бұл драмалық кездесу Эрлинг Холанд пен Исмаила Саррдың дубльдерімен және матч алдындағы қатты нөсермен есте қалды. Ойын басы екі жақтың да сақ қимылдауымен басталды. Алайда алғашқы таймның соңына қарай скандинавиялықтар басымдықты үдетті. 13-минутта Норвегияның негізгі қорғаушысы Юлиан Рюэрсон жарақат алып, оның орнына алаңға Маркус Педерсен шықты. Ойынның 43-минутында дәл осы ойыншы есеп ашты. Сенегал құрамасының капитаны Калиду Кулибали мен қақпашы Эдуар Менди қорғаныста өрескел қателік жіберіп, допты алысқа ұзата алмады. Педерсен мүмкіндікті мүлт жібермей, соққыны дәл бағыттады. 1:0. Тайм соңында Эрлинг Холанд Мендидің тағы бір қателігінен кейін екінші голды соғуға жақын қалған. Бірақ доп қақпа бағанына тиді. Есесіне екінші тайм басталғаннан кейін жанкүйерлер нағыз тартысты футболға куәсі болды. 48-минутта Мартин Эдегордың мінсіз пасынан кейін Эрлинг Холанд қақпаның жоғарғы бұрышын дәл көздеп, есепті 2:0-ге жеткізді. Африкалықтар тез ес жиды. 53-минутта Садио Маненің айып алаңының жиегінен берген пасын Исмаила Сарр голға айналдырып, есеп айырмасын қысқартты. 2:1. Арада бес минут өткенде Холанд тағы гол соқты. Есеп 3:1. Төреші қосқан қосымша уақытта Исмаила Сарр екінші голын соғып, Норвегия қорғанысын соңғы секундтарға дейін терлетті. 3:2. Бірақ Сенегал таразы басын теңестіре алмады. Осылайша бұл ойында Эрлинг Холанд әлем біріншілігіндегі екі ойында 4 гол соқан Норвегия құрамасының тарихындағы ең үздік сұрмергені атанды. Ол осы күнгше дейінгімансабында ұлттық құрама үшін 52 ойында 59 гол соққан. Ал осы чемпионаттағы сұрмергендер шайқасы да жоғарыда бір суреттеген үш ойыншы арасында өтіп жатыр. Лионель Месси 5 голдың ал, Холанд пен Килиан Мбаппе төрт-төрт голдың авторы. 

Ал Алжир құрамасы Иорданияны 2:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне өту мүмкіндігін сақтап қалды. Санта-Кларада өткен бұл тартысты кездесу Алжирдің камбэгімен және әлем чемпионатының дебютанты Иорданияның турнирмен ерте қоштасуымен есте қалмақ. Алжир құрамасының бапкері Владимир Петкович бұл ойынға Рияд Марезді капитан ретінде алғашқы минуттан алаңға шығарды. Алайда, бірінші таймда иорданиялықтар өте сауатты ойнады. 36-минутта Алжир қорғанысының қателігінен кейін, Иордания футболшылары допты іліп әкетіп, сол қанаттан шабуыл ұйымдастырды. Муса Аль-Тамаридің пасынан кейін Низар Аль-Рашдан аяғының сыртымен соққы жасап, Лука Зидан қорғаған қақпаның жақын бұрышын дәл көздеді. Есеп 1:0. Тайм соңында Алжир шабуылды үдеткенімен, Иордания қақпашысы Язид Абулайла сенімді ойнап, Рияд Марездің соққыларын сауатты қайтара білді.

Екінші таймда Алжир бапкері бірден екі өзгеріс жасап, алаңға Надир Бенбуалиді шығарды, бұл тактика өз жемісін тез берді. 69-минутта Рияд Марез оң қанаттан бұрыштамадан тамаша әуелетіп пас асырды. Алаңға тыңнан қосылған Надир Бенбуали баспен соққы жасап, есепті теңестірді. 1:1. Ал 82-минутта Алжир кезекті бұрыштама добын сәтті пайдаланды. Қарбалас сәтте Амин Гуири гол соғып, командасын алға шығарды. 2:1. Иорданиялықтар офсайд талап еткенімен, VAR тексерісінен кейін бас төреші Славко Винчич голды ресми түрде есепке алды. Осылайша соңғы минуттарда Иордания барын салып алға ұмтылғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Бұл ойында матчтың тағдырын стандарттан шешілді. Иордания бүкіл ойында тек 1 бұрыштама орындаса, Алжир 10 бұрыштама теуіп, соның екеуін голға айналдырды. Осы кездесуден кейін Иордания құрамасы екі рет қатарынан жеңіліп, турнирден ресми түрде шығып қалды. Ал Алжир 2014 жылдан бері әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 

Бекәлі Жәдік