Алматы қаласының соты Әл-Фараби даңғылында үш адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша үкім шығарды. Zeekr автокөлігін басқарған Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот шешімімен ол өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі ең төменгі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды. Сондай-ақ сот оны қаза тапқандардың бірінің әкесіне моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы көз жұмды.
Үкім шығар алдында Александр Пак соңғы сөзінде қаза тапқандардың жақындарынан кешірім сұрап, болған оқиға үшін өзін өмір бойы кінәлі сезінетінін айтты.
Ол сондай-ақ жауапкершіліктен жалтаруға әрекет жасамағанын айтып, БАҚ-та тараған өзі туралы ақпараттарға да пікір білдірді. Оның сөзінше, өзін кейбір ақпарат құралдары жазғандай «миллионердің баласы» деп атау шындыққа жанаспайды.
Айта кетерлігі, сот процесі барысында қаза тапқандардың кейбір туыстары Александр Пакты түрмеге қамаудан гөрі, жеңілірек жаза тағайындауды сұраған. Алайда сот істің барлық мән-жайын ескере отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.