homepage

Ақтөбе облысында мейрамханаға барған 100-ден астам адам ішек инфекциясымен ауруханаға түсті

22.06.2026, 17:12

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы мейрамханаға барғаннан кейін жаппай ішек инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелді. Ресми мәлімет бойынша, ауруханаға 102 адам жатқызылған, олардың 14-і – балалар, деп хабарлайды Juzmedia.kz Диапазон сайтына сілтеме жасап.

«2026 жылғы 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас, оның ішінде 14 бала жатқызылды. 34 науқаста сальмонеллезге күдік бар. Осы жағдайларға байланысты Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарламалар жолданып, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынды. Науқастардың жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда, қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Ішек инфекциясының жағдайлары «Тұмар» мейрамханасына барғаннан кейін анықталған. Осыған байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберіліп, ауруханаларда науқастарға арналған төсек-орындар дайындалды. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Сонымен қатар медицина қызметкерлері науқастармен байланыста болған адамдарды анықтап, оларды бақылауға алған.

Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы да мейрамханаға барған адамдар арасында ішек инфекциясына күдікпен топтық сырқаттану жағдайлары тіркелгенін растады.

«Барлық науқастар ауруханаға жатқызылып, қажетті медициналық көмек алуда. Эпидемиологиялық тексеру мен сараптама жүргізілуде. Тағам өнімдері мен қоршаған орта нысандарынан сынамалар алынып, зертханалық зерттеуге жіберілді. Оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін мейрамхананың қызметі уақытша тоқтатылды», – деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов.