Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфиновтың қызметінен кеткенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Федерация мәліметінше, Талғат Маруаұлы бұл шешімді өзі қабылдаған. ҚФФ оның таңдауына құрметпен қарап, ұлттық құрамамен атқарған еңбегін жоғары бағалады.
Федерацияның хабарлауынша, Байсуфинов ұлттық құрамадағы қызметі барысында Қазақстан құрамасының тарихындағы ең үздік нәтижелердің біріне қол жеткізді. Оның жетекшілігімен команда 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз алаңында Бельгиямен тең ойнап, ФИФА рейтингіндегі көрсеткішін жақсартты.
Талғат Маруаұлы Байсуфинов 1968 жылдың 4 қыркүйегінде Павлодар қаласында дүниеге келген. Павлодар футболының түлегі ретінде «Павлодар», «Металлург» (Ақсу), «Экибастузец» (Екібастұз) және «Восток» (Өскемен) клубтарының намысын қорғады. «Павлодар» сапында 180 матч өткізіп, 26 гол соққан.
Бапкерлік мансабында ол 2009 жылы «Jira» бағдарламасы бойынша UEFA-ның A санатындағы лицензиясын алса, 2011 жылы ұлттық құрамалар мен жоғары дивизион клубтарын жаттықтыруға мүмкіндік беретін UEFA Pro лицензиясының иегері атанды.
Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасын алғаш рет 2016–2017 жылдары, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жаттықтырды. Кейін 2020 жылы қайта тағайындалып, команданы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде басқарды. Ал 2026 жылдың қаңтарында үшінші рет ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне оралған болатын. Алайда биылғы маусымда бұл қызметтен кетті.
Федерация бапкерлер штабына қатысты алдағы шешімдер туралы кейінірек хабарланатынын, ал ұлттық құраманың алдағы матчтарға дайындығы жоспарлы түрде жалғасатынын мәлімдеді.