Мәскеуде жанармай бағасы күрт өсті. Ресей мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл үздіксіз жалғасып келеді. Көрші елдегі жағдай Қазақстан Үкіметіне шекарадағы бақылауды күшейтуге мәжбүр етті.
Билік басу айтып отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бензин, дизель және авиациялық отын қоры жеткілікті,1 миллион тоннадан асады. Мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, жанармай тапшылығы байқалмайды. 2025 жылы елімізде 17,46 миллион тонна мұнай өңделсе, биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 3,7 миллион тоннаға жеткен. Бензин өндірісі 1,6 миллион тоннаға, дизель өндірісі шамамен 1,5 миллион тоннаға жетті.
Алайда, көршідегі кезекті дағдарыс маңызды мәселені алға шығарды. Өткен апта ішінде Мәскеу мен Мәскеу облысында АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин бірнеше рубльге қымбаттап, жанармай құю стансалары қымбат белорусь бензинін сатып алуға мәжбүр болды.
Бектеновтің басқаруымен өткен кеңесте шекарадағы бақылауды күшейту жөнінде тапсырма берілді. ҰҚК Шекара қызметі, Қаржы министрлігі және Қаржылық мониторинг агенттігіне жанармайды заңсыз тасымалдаудың барлық схемаларын анықтап, жолын кесу жүктелді. Соңғы бір айдың өзінде 12 тоннаға жуық жанар-жағармайдың заңсыз экспорты тоқтатылыпты. Қайта жабдықталған газ бактары бар 54 көлік анықталып, олардың иелері жауапкершілікке тартылған. Сонымен бірге автокөліктердің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу енгізілді.
Ресми мәлімдемелердегі осы қайшылықтың өзі көп нәрсені аңғартады. Егер ішкі нарық толық қамтамасыз етіліп, қауіп жоқ болса, онда неге шекарадағы бақылау күшейтіліп жатыр? Былай қарасаңыз, елімізде мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын жаңғыртылып жатыр. Өндірістің ұлғайтылғаны туралы дерек те сәт сайын шығады. Бірақ мұқият қарасақ, мәселенің мәні әлдеқайда тереңде…
Мұның негізгі жауабы баяғы сол баға айырмашылығында жатыр. Қазақстандағы арзан жанармай бұрыннан бері көрші елдер үшін тартымды ресурс. Бір ғана Қордай бекетінде күн сайын мыңдаған көлік багына сыйғанша бензин құйып, Қырғызстанға өтіп жатқанын баршы жұрт айтып жүр. Себебі, екі ел арасындағы баға айырмасы 200 теңгеден асады. Ресеймен жағдай бұдан да күрделі. Қазақстан мен Ресей арасындағы автокөлік өткізу бекеттері Қырғызбен ортадағы өткізу орнынан үш есе көп. Сондықтан шекаралас өңірлердегі сұраныс көлемін нақты бағалау қиын.
PACE Analytics директоры Асқар Исмаилов өзінің Telegram-арнасында Ресейдегі жағдайдың Қазақстан үшін туындататын тәуекелдерін бағалап, оны шартты түрде «Ветер северный» деп атады. Сарапшының есептеуінше, Қазақстан мен Ресей шекарасын тәулігіне 15 мыңнан 25 мыңға дейін автокөлік кесіп өтеді.
«Егер әр көлік толық 70 литрлік бакпен жүретін болса, онда тәулігіне шамамен 2 миллион литр, ал айына 60 миллион литр немесе 40 мың тоннаға жуық жанармай айналымы қалыптасады. Бұл Қазақстандағы орташа айлық бензин тұтынуының оннан бір бөлігіне жуық көрсеткіш», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, Асқар Исмаилов мәселе жалпы көлемде емес, сұраныстың шоғырланып жатуында екенін атап өтеді.
«Егер бұл көлемдер Қазақстан аумағына біркелкі бөлінсе, жүйе оларды көтере алады. Алайда, сұраныс шекаралас өңірлерде шоғырланған жағдайда, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда жергілікті тапшылық туындауы мүмкін», – деп жазды сарапшы өзінің Telegram-арнасында.
Жалпы, 2024-2025 жылдары украиналық дрондардың шабуылдары Ресей мұнай өңдеу саласына жағымсыз әсер еткенімен, аса ауыр салдарға әкеле қоймаған болатын. Бірақ биыл жағдай өзгерді. Мәскеу мұнай өңдеу зауыты мен басқа да стратегиялық нысандарға жасалған шабуылдардан кейін Ресейдің мұнай өңдеу көлемі 12-13 пайызға төмендеген.
Ресейдегі бұл дағдарыс Қазақстан үшін неліктен маңызды? Негізі еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылғанымен, жанармай нарығы толық тәуелсіз бола қойған жоқ. Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісім әлі де күшінде. Соған сәйкес, 2025 жылы Қазақстанға Ресейден 450 мың тонна дизель отыны мен 300 мың тонна авиаотын жеткізу көзделген. Сонымен қатар Қазақстан мұнай өңдеу қуатын кеңейту жобаларын жалғастырып жатыр. Нәтижесінде автобензин өндірісін жылына 5,6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін, дизель өндірісін 6,2 миллион тоннадан 9,5 миллион тоннаға дейін, ал авиациялық отын өндірісін 700 мың тоннадан 1,7 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға дайындық басталды.
Десе де түйткілдің түбі Ресей өніміне тәуелділіктің толық жойылмай тұруында ғана емес. Сарапшылардың айтуынша басты жайт – баға саясатында. Қазақстан Үкіметі ұзақ жылдар бойы жанармай бағасын әкімшілік әдістер арқылы ұстап келді. Соның салдарынан ішкі нарықтағы баға көрші елдерден айтарлықтай төмен болып, бұл өз кезегінде заңсыз экспортты ынталандырды. Оның үстіне Ресейдегі дағдарыс энергетикалық тәуелсіздік өндіріс көлемімен өлшенбейтінін көрсетті. Ол ішкі нарықтың тұрақтылығымен, баға теңгерімімен және сыртқы күйзелістерге төтеп бере алу қабілетімен анықталмақ. Бұл тұрғыдан алғанда солтүстіктен соққан желдің салқыны Қазақстанның жанармай нарығына әсері әлсіз болады деуге болмайды.
Ұлағат Бекболат