Таиландта бірнеше күн бойы хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық рэпер Кисло-Сладкий (Дархан Жұмабек) аман-есен табылды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауымен ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін 27 жастағы әнші Паттайядан Пхукетке жол тартуы тиіс болғанымен, межелі жерге жетпей, байланысқа шықпай қалған. Әлеуметтік желіде оның көшеде түсірілген видеосы тарап, жақындары музыканттың жағдайына алаңдаған болатын.
Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, рэперді Тайландтағы қазақстандықтар тауып алған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауымен ауруханада жатыр. Жақындарының айтуынша, жағдайы тұрақты, жақын күндері өзі көпшілік алдына шығып, болған оқиға туралы айтып беруі мүмкін.
Іздеу жұмыстарына атсалысқан жандарға алғыс айтылып, ең бастысы — музыканттың аман-есен табылғаны хабарланды.