homepage
ашық дереккөзден

Шымкентте WhatsApp арқылы миллиондаған теңге жымқырған алаяқтар ұсталды

22.06.2026, 12:51

Шымкентте WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды алдап, олардың ақшасын иемденген интернет-алаяқтар тобы ұсталды. Қаскөйлер өзін жәбірленушілердің туысы немесе жақын танысы ретінде таныстырып, «шұғыл ақша керек» деген сылтаумен қаражат аудартқан. Қазіргі уақытта олардың кемінде 7,5 млн теңге шығын келтіргені анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz қалалық полиция департаментін сілтеме жасап.

Жәбірленушілердің бірі – жергілікті тұрғын. Ол өзіне досының атынан шұғыл қаржылай көмек сұраған хабарлама келгеннен кейін, еш күмәнданбастан көрсетілген есепшотқа 3,5 миллион теңге аударған. Кейін алаяқтық құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер алты күдіктіні анықтады. Тінту барысында жалдамалы пәтерден қылмыс жасау кезінде пайдаланылған 19 SIM-карта, 11 ұялы телефон және планшет тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілердің Астана мен Шымкент қалаларында жасалған екі алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 7,5 млн теңге»,- делінген хабарламада.