Кеше кешке 2026 жылғы Әлем чемпионатының Н тобындағы екінші тур матчында Испания құрамасы Сауд Арабиясын 4:0 есебімен тас-талқан етіп, сенімді түрде жеңді. Атланта стадионында өткен кездесуде «Қызыл фурия» алғашқы минуттардан-ақ басымдық танытып, турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Ойынның 10-минутында әлем чемпионатында алғаш рет негізгі құрамда шыққан 18 жасар Ламин Ямаль есеп ашты. Микель Оярсабальдың пасынан кейін ол қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. 21-минутта Испанияның кезекті шабуылы нәтижелі болып, Оярсабаль жақын қашықтықтан есепті еселеді. 2:0. Араға бар-жоғы екі жарым минут салып тағы сол Оярсабаль дубль жасап, Сауд Арабиясының қорғанысын толығымен есеңгіретіп тастады. 3:0. Екінші таймның басында Марк Кукурельяның тепкен добы Сауд Арабиясының қорғаушысы Аль-Тамбактиге тиіп, қақпа төрінен табылды. Есеп 4:0. Жалпы бұл гол осы чемпионаттың топтың кезеңі аяқталмай жатып соғылған 8-автогол. Осы ойында Ламин Ямаль әлем чемпионатының тарихында есеп ашқан ең жас екінші ойыншы атанды. Бұған дейін 1958 жылы 17 жасында Пеле ғана мұндай нәтиже көрсеткен.
Алғашқы турда Кабо-Вердемен өткен ойында 0:0 есебімен тең ойнап, сынға ұшыраған Оярсабаль бұл матчтың алғашқы 25 минутында 3 голға қатысып, 2 гол, 1 ассист жасап, өз деңгейін дәлелдеді. Әрі Испания құрамасының бас бапкері Луис де лa Фуэнте ойын тағдырының ерте шешілуіне байланысты бірінші таймнан кейін Ямаль мен Оярсабальды демалдыру үшін алаңнан шығарып алды. Екінші таймда Испания құрамасы қарқынын сәл бәсеңдетті. Ферран Торрестің соққан голы VAR тексерісінен кейін офсайд болып шықты. Осы жеңістен кейін Испания 4 ұпаймен топтан шығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Олар енді келесі ойынын 26 маусымда Уругвайға қарсы өткізеді.
Әлем чемпионатының G тобындағы екінші тур матчында Бельгия мен Иран құрамалары 0:0 есебімен тең тарқасты. Лос-Анджелес стадионында өткен бұл кездесу қос команданың қақпашылары Тибо Куртуа мен Алиреза Бейранвандтың керемет сейвтерімен және Бельгия сапынан бір ойыншының алаңнан қуылуымен есте қалды. Бельгия құрамасы ойынның басынан-ақ допқа иелік етіп, шабуылды үдетті. Юри Тилеманстың жақын бұрышқа бағыттаған жойқын соққысын Иран қақпашысы Бейранванд сәтті қайтарды. 25-минутта Иран құрамасы айып соққысын өте шебер орындады. Эхсан Хаджсафи допты қабырғада тұрған Мехди Таремиге асырып, ол Куртуа қақпасын дәл көздеді. Алайда, VAR жүйесі Таремидің офсайдта қалғанын анықтап, гол есепке алынбады. Екінші таймда Иран сапында Әлиреза Джаханбахш алаңға шығып, өзінің ұлттық құрамадағы 100-ші мерейтойлық матчын өткізді. Бельгиялық қорғаушы Максим Де Кюйпердің екі бірдей қауіпті соққысын Бейранванд керемет шеберлікпен қағып алды. 66-минутта бельгиялық қорғаушы Натан Нгой допты бақылауда ұстай алмай, Мехди Таремиді алға жіберіп алды. Шабуылшыны тоқтату үшін оны арттан тартып құлатқаны үшін төреші Нгойға тікелей қызыл қағаз көрсетті. Осылайша Бельгия матчтың қалған бөлігін 10 ойыншымен өткізуге мәжбүр болды. Иран қақпашысы Бейранванд өз қақпасын 7 рет өте қауіпті соққыдан құтқарып, матчтың үздік ойыншысы атанды. Ал Бельгия қақпашысы Тибо Куртуа әлем чемпионаттарындағы 17-ші матчын өткізіп, аңызға айналған Энцо Шифоның рекордын қайталады.
Бельгия құрамасы сапында негізгі шабуылшы Ромелу Лукаку алғашқы минуттан ойынға араласқанымен, нәтиже көрсете алмады. Ал Жереми Доку сырқаттанып қалуына байланысты бұл матчқа қатыспады. Бельгия қатарынан екі ойында да жеңіске жете алмай, екі ұпай ғана еншіледі. Бұл нәтижеден кейін G тобындағы жағдай шиеленісе түсті. Себебі қос командада да екі турдан кейін 2 ұпайдан ғана еншіледі. Енді Бельгия соңғы турда Жаңа Зеландиямен, ал Иран Мысыр құрамасымен кездеседі.
Бүгін түнде әлем чемпионатының Н тобындағы екінші тур матчында Уругвай мен турнир дебютанты Кабо-Верде құрамалары 2:2 есебімен тең тарқасты. Майами стадионында өткен бұл ойын нағыз драмаға толы болды. Кабо-Верде құрамасы Испаниямен тең ойнағаннан кейін тағы бір футбол алпауытынан ұпай тартып алды. 21-минутта Кабо-Верде құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы өзінің алғашқы голын соқты. Кевин Пина 32 метрлік қашықтықтан айып соққысын әдемі теуіп, Уругвай қақпашысы Фернандо Муслераны қапы қалдырды. 44-минутта Уругвай есепті теңестірді. Родриго Бентанкурдың баспен соққан добы қақпа бағанына тиіп кері қайтқанда, Араухо допты бос қақпаға баспен итере салды. Бірінші таймның қосымша уақытында Уругвай алға шықты. Макси Араухоның әуелете асырған пасын Каноббио жақын қашықтықтан қақпаға дәл кіргізді. Есеп 2:1. Ойынынң 61-минутында Кабо-Верде бапкерінің алаңға жаңадан қосқан шабуылшысы Хелио Варела Уругвай қорғаушысы Матиас Оливераның қателігін сәтті пайдаланды. Ол Муслераның алаң жиегіне тым ерте шығып кеткенін көріп, допты бос қақпаға еш қиндықсыз сала салды. Есеп 2:2.
Осы кездесуде әлем чемпионаты тарихында тұңғыш рет екі бірдей 40-тан асқан қақпашы (Уругвай сапынан 40 жасар Фернандо Муслера және Кабо-Вердеден 40 жасар Возинья) матчты алғашқы минуттан бастады. BBC Sport статистикасына сүйенсек, Кабо-Верде Әлем чемпионатындағы өзінің алғашқы голын тікелей айып соққысынан соққан тарихтағы алғашқы дебютант атанды. Сонымен қатар, бұл осы турнирдегі ең алыс қашықтықтан яғни, 32 метр жерден соғылған гол болды. Ал Макси Араухо 1954 жылдан бері Уругвай құрамасы сапында әлем чемпионатының алғашқы екі матчында да гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Сонымен қатар, Кабо-Верде 2002 жылғы Сенегалдан кейін әлем чемпионатындағы алғашқы екі матчында да жеңілмей (Испания 0:0, Уругвай 2:2) ұпай алған алғашқы Африка құрлығының елі болып атанды. Тең аяқталған ойын Н тобындағы жағдайды қатты шиеленістірді. Себебі Уругвай мен Кабо-Вердеде 2 ұпайдан бар, ал топ көшбасшысы Испанияда 4 ұпай. Соңғы турда Уругвай Испаниядан айласын асыруға ұмтылады. Ал Кабо-Верде топтың аутсайдері Сауд Арабиясымен кездеседі.
2026 жылғы Әлем чемпионатының G тобының екінші тур аясында өткен матчта Египет құрамасы Жаңа Зеландияны 3:1 есебімен жеңді. Ванкувердегі «BC Place» стадионында өткен бұл тартысты кездесуде «перғауындар» екінші таймда ерлік көрсетіп, турнирдегі алғашқы маңызды 3 ұпайына қол жеткізді. Бірінші таймда Жаңа Зеландия ойынды белсенді бастап, есеп ашты. Тим Пейннің бұрыштамадан асқарған добын қорғаушы Финн Сурман баспен бағыттап, 15-минутта Египет қақпашысы Мұстафа Шобейрді қапы қалдырды. Екінші таймда еркін қимылдаған Египет 58-минутта есеп теңестірді. Мұхаммед Ханидің оң қанаттан берген әдемі пасын Мұстафа Зико жақын қашықтықтан баспен қақпаға қадады. Осыдан кейін шабуылды үдеткен Египетті құраманың капитаны алға шығарды. Мұхаммед Салах айып алаңындағы мүмкіндікті мүлтіксіз пайдаланып, 67-минутта есепті еселеді. Матчтың соңғы нүктесін алаңға тыңнан қосылған Трезеге қойды. Ол ойынның 82-минутында қақпашымен бетпе-бет шығып, есепті 3:1-ге жеткізді. Осы жеңістен кейін Египет 4 ұпаймен G тобында жеке дара көш бастады.
Бекәлі Жәдік