2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында Нидерланды құрамасы жеңімпаз болады деп болжам жасаған неміс математигі әрі қаржыгер стратег Йоахим Клементтің болжамы әзірге қызғалдақты елдің өкілдерін алдамайтын секілді. Ол өзінің математикалық-экономикалық моделі арқылы осыған дейінгі үш әлем чемпионатының жеңімпазын (2014 жылы Германияны, 2018 жылы Францияны және 2022 жылы Аргентинаны) қатесіз дәл тапқан. Клемент Цюрихтегі жоғары техникалық мектепте математика мен физиканы оқыған және қазіргі уақытта Panmure Liberum инвестициялық банкінде стратег болып қызмет істейді. Ол бұл модельді бастапқыда «тек экономикалық деректерге сүйеніп әлем чемпионатының жеңімпазын анықтау мүмкін емес» екенін дәлелдеп, әріптестерінің пайымдарын жоққа шығару үшін ермек ретінде құрастырған. Алайда, оның формуласы алғашқы талпыныстан-ақ дәл нәтиже бере бастапты.
Ал Нидерланды мен Швеция арасындағы Әлем чемпионатының F тобындағы ойыны АҚШ-тың Хьюстон қаласында, «Эн-Эр-Джи Стэдиум» стадионында өтіп, 5:1 есебімен нидерландықтардың ірі жеңісімен аяқталды. Рональд Куман шәкірттері бұл матчта қарсыласын толықтай бақылауда ұстады. Кездесу бастала сала Нидерланды құрамасы ойынды бірден шабуылмен бастап, алғашқы 20 минуттың ішінде-ақ кездесу тағдырын шешіп тастады. Тжани Рейндерс сол қанаттағы Коди Гакпоға пас шығарды. Гакпоның айып алаңына бағыттаған пасын шабуылшы Брайан Броббей қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты. 17-минутта оң қапталдан Дензел Дюмфрис қорғаушыларды алдап өтіп, тағы да айып алаңының ортасына жерлете пас асырды. Оған бірінші жеткен Брайан Броббей сырғып келіп, матчтағы өзінің екінші голын соқты. Таймның соңына қарай шведтер ес жиып, шабуылға көшті. Беньямин Нюгреннің айып соққысынан асырған пасын Густав Лагербильке баспен қақпаға енгізгенімен, төреші (Майкл Оливер) VAR жүйесін тексеріп, швед ойыншыларының офсайдта қалғанын анықтап, голды есепке алмады.
Екінші таймда Нидерланды сапында Дониелл Маленнің орнына Крисенсио Саммервилл алаңға шығып, шабуылды одан ары үдетті. 47-минут Саммервиллдің айып алаңына асырған пасына Броббей жете алмағанымен, артқы жағында дайын тұрған Коди Гакпо есепті 3:0 ге жеткізді. 54-минутта Швеция шабуылшысы Александер Исактың қателігінен кейін голландтар жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырды. Саммервиллден пас алған Коди Гакпо сол қанаттан ішке қарай ойысып, айып алаңының сызығынан қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Бұл гол 2026 жылғы Әлем чемпионатының 100-ші мерейтойлық голы ретінде тарихқа енді. 59-минутта Александер Исактың қорғаушылар арасынан шығарған тамаша пасынан кейін, алаңға жаңадан кірген Энтони Эланга қақпашы Барт Вербрюггеннен айласын асырып, есеп айырмасын қысқартты. 4:1. Ойынның 89-минутында матчтың соңғы нүктесін Нидерланды құрамасы қойды. Мемфис Депайдың берген пасын Крисенсио Саммервилл айып алаңының жиегінен оң аяғымен швециялықтар қақпасына тоғытып, есепту 5:1 ге жеткізді. Осы жеңістен кейін Нидерланды 4 ұпаймен F тобында 1-орынға шықты. Ал алғашқы турда Тунисті 5:1 қылып ұтқан Швеция 3 ұпаймен екінші орынға сырғыды.
Түнде болған кезекті кездесуде Германия құрамасы Кот-д’Ивуарды 2-1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы Әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды. Канаданың Торонто қаласындағы стадионда өткен Е тобының бұл тартысты матчында Юлиан Нагельсманн алаңға қосқан «қосалқы құрам ойыншылары» кездесу тағдырын өзгертіп кетті. Бірінші таймдағы Африкалықтардың екпіні және күтпеген жерден салғаны голы Германия құрамасын алғашқы минуттардан-ақ шабуылға шығып, ойынды щиратуға итермеледі. Ойын бастала сала Кай Хаверцтің баспен бағыттаған соққысын Кот-д’Ивуар қақпашысы Яхья Фофана шебер қайтарған. Таймның ортасында Германия жартылай қорғаушысы Александар Павлович салған доп VAR жүйесі қаралған соң гол есептелмеді. Қарымта шабуылда Кот-д’Ивуарлық Ян Дьоманде сол қапталдан қорғаушыларды алдап өтіп, айып алаңына қауіпті пас шығарды. Алғашқы соққыны Германия қорғаушысы Натаниэль Браун сызық бойынан қайтарғанымен, қайтқан допқа бірінші жеткен капитан Франк Кесси есепті ашып, немістерді есеңгіретіп тастады. Осылайша осы біріншілікте алғаш гол жіберген Германия ес жинай алмай жатқанда, Кай Хаверц тағы бір гол соқты, бірақ ол да Джамал Мусиаланың ереже бұзуына байланысты есепке алынбады.
Үзіліске африкалықтар 1:0 есебімен басымдықпен кеткен. Екінші таймның алғашқы 15 минутында Кот-д’Ивуар есепті еселейтін бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Осыдан кейін неміс бапкері Юлиан Нагельсман 60-минутта алаңға бірден үш жаңа ойыншыны (Ундав, Амири, Левелинг) шығарып, ойынды толық өзгертті. Алаңға жаңадан шыққан Надим Амири оң қанаттан айып алаңына қарай әуелете пас асырды. Сол жерде дайын тұрған шабуылшы Дениз Ундав бірден соққы жасап, таразы басын теңестірді. 80-минуттар шамасында Кот-д’Ивуар сапында Симон Адингра мен Николя Пепе алаңға шығып, қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Адингра қақпашымен бірге-бір шығатын сәтте допты дұрыс тоқтата алмай, үлкен мүмкіндіктен айырылды. Матч тең аяқталады деп күтілген қосымша уақытта Феликс Нмеча айып алаңының ішіндегі Дениз Ундавқа қысқа әрі әдемі пас шығарды. Ундав кілт бұрылып, қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеп, Германияға жеңіс сыйлады. Есеп 2:1. Осы жеңістен кейін 6 ұпай жинаған Германия құрамасы 12 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Әлем чемпионатының топтық кезеңінен сәтті өтті. Ал 3 ұпайы бар Кот-д’Ивуар соңғы турда Кюрасаомен кездесіп, келесі кезең жолдамасын сарапқа салады.
АҚШ-тың Канзас-Сити қаласындағы «Канзас-Сити Стэдиум» аренасында өткен Әлем чемпионатының Е тобындағы Эквадор мен Кюрасао құрамалары арасындағы матч 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұл ойын Кюрасао сияқты шағын аралдар мемлекеті үшін өз тарихындағы Әлем чемпионатында алған тұңғыш тарихи ұпайы ретінде шежіреге енді. Ойын толығымен Эквадордың басымдығымен өткенімен, Кюрасао қақпашысының ерлігі кездесу тағдырын шешті. Кюрасао құрамасының 37 жастағы қақпашысы Элой Ром осы ойында керемет өнер көрсетті. Ол Эквадор футболшыларының қақпаға дәл бағыттаған 15 соққысын қайтарып (сэйв жасап), Әлем чемпионаттары тарихында 90 минуттық матчтар ішінде ең көп сэйв жасаған қақпашы ретінде жаңа рекорд орнатты. Ал ойынды матчтың φαвориті саналған Эквадор құрамасы бірден үлкен қысыммен бастады. 3-минутта жартылай қорғаушы Мойсес Кайседо қорғаушылардың төбесінен тамаша пас асырып, шабуылшы Эннер Валенсияны қақпашымен бірге-бір шығарды. Алайда, Валенсияның соққысын Элой Ром шеберлікпен қайтарды. Қорғаныста жатқан Кюрасао ойыншылары (Бакуна мен Локадия) жылдам қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысқанымен нәтиже болмады. Шабуылшы Шерел Флоранюстың алыстан бағыттаған қауіпті соққысы қақпадан сәл биік кетті. Бірінші тайм соңына дейін Эквадор допқа 65% иелік етіп, айып алаңын қоршауға алғанымен, Дик Адвокат баптаған Кюрасаоның 5-4-1 жүйесіндегі тығыз қорғанысын бұза алмады.
Екінші таймда Эквадор бапкері шабуылды күшейту үшін Кевин Родригесті алаңға шығарды. 69-минутта бұрыштамадан асырылған пасты Гонсало Плата баспен жақын жерден қақпаға қадаған. Стадион гооол деп айқайлауға дайын тұрған сәтте Элой Ром тағы да мықты реакциясымен кһзге түсті. Эквадор құрамасы матч бойы Кюрасао бағанасы мен маңдайшасын 3 рет көздеді. Кездесудің ең соңғы секундтарында алаңға кірген Анхело Пресьядоның қапталдан асырған соққысы Кюрасао қақпасының маңдайшасына тиіп, кері кетті. Төрешінің ысқырығы естілісімен Кюрасао ойыншылары Әлем чемпионатындағы алғашқы ұпайларын тойлап, қақпашы Ромды құттықтады. Бұл күтпеген тең ойын топтағы жағдайды түбегейлі өзгертті. Кюрасаоның бұл ерлігінен кейін немістер мерзімінен бұрын Е тобының 1-орын иегері ретінде плей-оффқа жолдама алды. Кот-д’Ивуар 3 ұпаймен екінші орында қалды. Енді соңғы турда Эквадорға плей-оффқа шығу үшін міндетті түрде Германияны жеңу керек болады, ал Кюрасао Кот-д'Ивуармен сенсация жасау үшін барын салады.
Ал Жапония құрамасы өз тарихындағы ресми 1000-шы мерейтойлық матчында Тунисті 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, Әлем чемпионатының келсі кезеңіне шығуға үлкен қадам жасады. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы «Ливайс Стэдиум» аренасында өткен бұл кездесу толығымен «самурайлардың» үстемдігімен өтті. Жапония құрамасы алғашқы минуттардан бастап допты өз бақылауына алып, тунистіктердің қорғанысын қыспаққа алды. 17-минутта «Реал Сосьедад» жұлдызы Такефуса Кубо оң қапталдан айып алаңына тамаша пас асырды. Допқа бірінші жеткен Даичи Камада қақпашының қасынан өткізіп, есепті ашты. 33-минутта шабуылды оң қанаттан Жоя Сёзи бастап, айып алаңының ортасындағы Аясэ Уэдаға дәл пас берді. Уэда бұрылып, жербауырлата қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді. Бірінші таймда «Карфаген қырандары» мүлдем шабуылға шыға алмады. Команда тек қорғанумен болды. Екінші таймда Тунис құрамасы тактиканы өзгертіп, алға ұмтылуға тырысқанымен, Жапонияның жылдам қарсы шабуылдарына төтеп бере алмады. 62-минутта сол қанаттан Такуми Минамино қорғаушыларды алдап өтіп, айып алаңына әуелете пас тастады. Шабуылшы Аясэ Уэда баспен ұрып, матчтағы өзінің екінші голын соқты.
78-минутта матчтың соңғы нүктесін қосалқы құрамнан алаңға шыққан Дзюня Ито қойды. Ол Тунис қорғаушыларының өзара түсініспеушілігін тиімді пайдаланып, допты тартып алды да, қақпашымен бірге-бір шығып, есепті 4:0-ге жеткізді.
Бұл нәтиже F тобындағы жағдайды өте қызықты етіп жіберді. Нидерланды 4 ұпаймен, доп айырмасы бойынша 1-орында тұр. Одан кейін 4 ұпаймен Жапония 2-орынға жайғасты. Швеция 3 ұпаймен 3-орынға түсіп қалды. Енді соңғы турда Жапония мен Нидерланды құрамалары топтың 1-орыны үшін өзара кездеседі, ал Швеция Тунисті ірі есеппен жеңіп, плей-оффқа үміткер болуды көздейді.
Бекәлі Жәдік