homepage
фото: ашық дереккөзден

Футбол және саясат: Иран ФИФА-дан араша сұрады

20.06.2026, 18:14

Иран футбол федерациясы Әлем чемпионатында ұлттық құрамаға қысым көрсетілгенін мәлімдеп, ФИФА-ға ресми шағым түсірмек. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұған АҚШ билігінің иран футболшыларының елге кіріп-шығуына қойған қатаң шектеулері себеп болған. 

Осыған байланысты Иран құрамасы әлем чемпионаты кезінде базасын Мексикада орналастыруға мәжбүр болды. Команда АҚШ аумағына тек матч қарсаңында келіп, ойын аяқталған соң бірден кетуі тиіс.

Бас бапкер Амир Галенои мұндай талаптарды әділетсіз деп бағалап, өз құрамасының турнирдегі ең қолайсыз жағдайда қалғанын айтты. Федерация өкілдері де бұл шешім спорттағы тең мүмкіндік қағидатына қайшы келеді деп санайды.

Бапкерлер штабы футболшылардың жергілікті жағдайға бейімделуі үшін ойын өтетін қалаға бірнеше күн бұрын баруды сұрағанымен, бұл өтініш қолдау таппаған. Иран тарапы мұның команда дайындығына кері әсер еткенін мәлімдеді.

Әзірге бұл мәселеге қатысты ФИФА мен АҚШ-тың ресми органдары түсініктеме берген жоқ. Осы шектеулерге қарамастан, Иран құрамасы алдағы матчтарына дайындалып жатыр: олар 21 маусымда Лос-Анджелесте Бельгиямен, ал 27 маусымда Сиэтлде Мысыр құрамасымен ойнайды.