homepage
фото: ашық дереккөзден

Келісімшартты бұзды: Төреғали Төреәлі концерттерден шеттетілді

20.06.2026, 18:06

Төреғали Төреәлінің концерттік және гастрольдік қызметі белгісіз мерзімге тоқтатылды. Бұл туралы әншінің продюсері Жан Мұқанов мәлімдеді. 

Мұндай шешімге әншінің Павлодардағы ипподромның ресми ашылуына қатыспай, келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамауы себеп болған. Осыған байланысты Алматыдағы қала күніне арналған концерттер мен күзге жоспарланған халықаралық турдан бас тартылды.

Продюсердің айтуынша, арнайы шешім шыққанға дейін Төреғали Төреәлі концерттерде, жеке іс-шараларда және өзге де алаңдарда өнер көрсетпейді. Сонымен бірге ұйымдастырушыларға келген шығынды өтеу жұмыстары басталған.

Сондай-ақ Жан Мұқанов «Төреғали Төреәлі» брендін пайдалану құқығы әзірге продюсерлік орталықтың бақылауында қалатынын атап өтті. Продюсер соңғы бір жылда атқарылған жұмысқа қарамастан, қалыптасқан жағдайға өкініш білдіріп, әншіге қиын кезеңнен сүрінбей өтуіне тілектестік танытты.

Бұдан бөлек, ол Шымкенттегі орталық алаңда өткен концерттің продюсерлік орталықпен келісілмегенін және рұқсатсыз ұйымдастырылғанын айтты.