Түркия ұлттық құрамасына тіл тиді иә болмаса, түлен түртті. Осы чемпионатқа іріктеу кезеңінде 8 ойынның жетеуінде жеңіп, біреуінде Испаниямен тең ойнаған Түркия құрамасын футбол білетін жұрт осы жолы біраз жерге барады деп топшылаған. Бірақ, бүгінгі кездесуден кейін Түркия құрамасының жағдайы қиындай түсті. Бірінші ойында Аустралияға есе жіберген түрік ағайын бүгін Парагвайдан өте алмады. Олар Түркия қақпасына ойын бастала сала 65 секундта гол соқты. Осы голдан кейін Түркия есін де, етегін де жия алмады. Қарсылас қақпасын 90 минутта 33 рет нысанаға алғанымен саңылау таппады. Тіпті бірінші таймның соңында Парагвайдың белді ойыншысы Мигель Альмирон төрешіге наразылық білдіріп, аузын жапқаны (дөрекі мінез-құлқы) үшін тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Парагвай толық екінші тайм бойы бір ойыншы кем ойнауға мәжбүр болды. Осыдан кейін екінші таймда есеп теңестіруге үміт пайда болған. Бірақ екінші таймда қанша ентелегенімен түріктер еш нәрсе істей алмады. Тоқсан минут бойы қарсылас қақпасын торуылдаған түріктер ақыры Матиас Галарза салған голға қарымта қайтара алмады. Сөйтіп АҚШ-тың Санта-Клара қаласындағы «Левайс Стэдиум» аренасында өткен бұл ойын тартысты драмаға толы болды. Әрі жанкүйер тарапынан Сальвадорлық төрешіге енді талай наразылық көңіл күйдегі коменттің де қарша борайтыны сөзсіз. Ал 0:1 есебімен жеңілген Түркия құрамасы енді үйлеріне қайта беретін шығар.…
Футболдан биылғы әлем чемпионатының топтық кезеңдегі екінші айналым басталды. Бүгін түнде өткен матчта АҚШ құрамасы Аустралияны 2:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Сиэтлдегі «Seattle Stadium» аренасында өткен бұл кездесуде алаң иелері өздерінің басты жұлдызы Кристиан Пулишичтің жарақатына қарамастан қарқынды ойын өрнегін көрсетті. АҚШ ойыншылары ойын бастала сала қарсыластарын қыспаққа алған. Шабуылшысы Фоларин Балогун сол қанаттан айып алаңына жылдам әрі оңай кіріп, жербауырлата алаң ортасына қарай пас асырған. Аустралиялық қорғаушы Кэмерон Бургесс допты қайтарамын деп өз қақпасына соғып алды. Бұл ойынның 11-минуты болатын. Ал 16-минутта Аустралия қорғаушысы Джордан Бос Уэстон Маккенниге қарсы дөрекі ойнап, сары қағаз алды. 32-минутта Аустралиялық Алессандро Чиркати АҚШ жартылай қорғаушысы Малик Тиллманды шалып жыққаны үшін жазаланды. Бірінші тайм аяқталар тұста Сержиньо Дест айып алаңының сыртынан ттопты шірене тартқан. Доп қақпа маңдайшасына тиіп кері серпілген. Оған бірінші жеткен АҚШ қорғаушысы Алекс Фримен баспен соққы бағыттап, екінші голды салды. Екінші таймда Аустралия құрамасы есеп теңестіру үшін алаңға жаңа ойыншыларды шығарып, шабуылды күшейтуге тырысты. Алайда АҚШ қорғанысы сыр бермеді. Осы жеңістен кейін Д тобында АҚШ 6 ұпаймен көш бастады. Ал Аустралия еншісінде 3 ұпай бар.
Ал С тобында өткен тартысты матчта Марокко құрамасы Шотландияны 1:0 есебімен жеңіп, маңызды 3 ұпайға ие болды. Бостондағы «Boston Stadium» аренасында өткен кездесуде соғылған жалғыз гол матч тағдырын шешті. Әрі бұл гол әзірге осы чемпионатта соғылған ең жылдам гол. Ойын басталған бойда марокколық жұлдыз Брахим Диас Шотландия қорғанысын бұзып-жарып барып, әріптесіне тамаша пас шығарды. Оған бірінші жеткен Исмаэль Саибари небәрі 71-секундта есеп ашып, осы әлем чемпионатының ең жылдам голын соқты. Осылайша ерте жіберілген голдан кейін шотландиялықтар есеңгіреп қалды. Марокко допқа иелік етіп, тағы бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырған. Бірақ Саибаридің соққысы маңдайшаға тисе, Эль-Ханнустың баспен бағыттаған добын шотландиялық қақпашы кері қайтарды.Мачттағы алғашқы ескертуді Марокко қорғаушысы Исса Диоп 23-минутта алды. Екінші таймда Шотландия тактикасын өзгертіп, шабуылды күшейтті. Матч барысында Джон Макгоминн айып алаңында құлап, шотландиялықтар пенальти талап еткенімен, төреші ереже бұзылмады деп шешті. Ойынынң осы сәті жанкүйерлер мен сарапшылар арасында біраз пікір талас тудыруы мүмкін. Осылайша ойын соңына дейін Шотландия есепті теңестіруге қанша тырысқанымен, Марокко қорғанысы мыңқ етпеді. Бұл ойыннан кейін С тобындағы жағдай шиеленісе түсті. Шотландия келесі кезеңге өту үшін соңғы турда Бразилиямен болатын ойында ұпай алуы керек. Бірақ ол оңай болмасы анық.
Әлем чемпионатының С тобында өткен матчта Бразилия құрамасы Гаитиді 3:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Филадельфиядағы «Philadelphia Stadium» аренасында өткен бұл кездесуде «пентакампеондар» өздерінің басты жұлдызы жарақат алған Неймардың жоқтығына қарамастан, бірінші таймда-ақ ойын тағдырын шешіп тастады. Гаитилік қорғаушы Карленс Аркус ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін ерте сары қағаз алды. Бразилиялықтардың белсенді шабуылы 23-мигутта нәтиже берді. Қарсылас қақпашысынан қайтқан допқа бірінші жеткен шабуылшы Матеус Кунья есеп ашты. Голды өзінің қолтаңбасына айналған «серфингші» стилінде атап өтті. 36-минутта Винисиус Жуниордың тамаша пасынан кейін Матеус Кунья айып алаңының сол жағынан жойқын соққы бағыттап, есепті еселеді. Бірінші таймның аяқталар тұсында Лукас Пакета Гаити қорғаушыларын қапыда қалдырып, Винисиус Жуниорды ыңғайлы позицияға шығарды. Винисиус мүмкіндікті мүлт жібермей, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Есеп 3:0. Екінші таймда үш доп айырмашылығымен алда тұрған Бразилия қарқынын сәл бәсеңдеттіп, Карло Анчелотти алаңға жас талант Эндрик пен Габриэль Мартинеллиді шығарды. 64-минутта Гаити құрамасы сапынан Рикардо Аде баспен қауіпті соққы жасағанымен, қақпашы Алиссон Беккер допты шебер қайтара білді. 81-минутта Эндрик соққан гол офсайдқа байланысты есепке алынбады. Бұл ойынның бір өкініші бразилиялық Рафинья жарақат алып қалды. Оның келесі ойындарға қатысуы екі талай. Осы жеңістен кейін С топтағы жағдай қыза түсті. Бразилия 4 ұпаймен көшбасшылар қатарына қосылды, ал екінші рет жеңіліске ұшыраған Гаити құрамасы турнирдегі мүмкіндігін толығымен жоғалтты.
Бекәлі Жәдік