Қазақстандық әке: ол кім? Тек отбасы асыраушысы ма? Әлде бала тәрбиесін де мойнынан алатын модельге ауысты ма? Қазақстандық қоғамдық даму институты сауалнама жүргізіп, бүгінгі әкелердің бейнесін сомдауға себеп болатын деректерді жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Институт келітрген деректер қазіргі қазақстандық отбасындағы әке рөлінің айтарлықтай өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұрын басым түрде отбасының негізгі асыраушысы ретінде қабылданған әке бейнесі біртіндеп бала тәрбиесіне, күнделікті күтімге, бос уақытты ұйымдастыруға және ең бастысы эмоционалдық байланыс орнатуға белсенді қатысатын серіктес ата-ана моделіне ауысуда.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балаға қарау мен оның бос уақытын ұйымдастыру отбасылардың басым бөлігінде енді ата-аналардың бірлескен міндетіне айналған. Сонымен қатар, қаржылық жауапкершіліктің де теңескенін байқауға болады.

Респонденттердің 82,7%-ы бала тәрбиесі – әке мен ананың ортақ міндеті екенін ескереді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда елеулі өсім (ол кезде 54,9% материалдық қамтуды басым санаған). Сонымен қатар, әкелердің 60,4%-ы жұмысбастылығынан балаға жеткілікті уақыт бөле алмайтынын айтады. Яғни негізгі кедергі ниетте емес, уақыт тапшылығында. Соған қарамастан, әкелердің басым бөлігі балаларымен көбірек уақыт өткізуге және қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылады.

Зерттеу нәтижелері бойынша, ер-азаматтардың 78,7%-ы балаларымен қарым-қатынcы бұрынғыдан жақын бола түскенін айтқан.
Жалпы алғанда, деректер қазіргі қазақстандық әке бейнесінің трансформациясын айқындайды: ол сенім мен серіктестікке негізделген жаңа модельге көшіп, бала тәрбиесіне бұрынғыдан әлдеқайда белсенді араласа бастады.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстанда Әкелер күні маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді.