Заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін сотталған блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген сегіз автокөлік сатылымға шығарылды. Бұл туралы хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімі порталында жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Саудаға қойылған көліктердің барлығы - 2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra маркалы автомобильдер. Сот шешімімен тәркіленген сегіз көлік те Эльмира Төлегеноваға тиесілі «Zhana Business» ЖШС-нің атына тіркелген.
Қазір автокөліктер Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр. Порталда бастапқы сату бағасы көрсетілмегенімен, әр көліктің бағалау құны 8,395 млн теңге деп белгіленген.
Алайда, бұл көліктерді кез келген адам сатып ала алмайды. Өтінім беру құқығы тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мекемелерге ғана берілген.
Еске салсақ, сәуір айында Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенова заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін сотталған болатын. Сот үкімімен Ерболат Жанабылов екі жылға шартты жаза алып, мүлкі тәркіленді. Ал Эльмира Төлегенова екі жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ жаза мерзімі екі жылға кейінге шегерілді.