homepage
фото: Ақорда

Адриатикадан Арқаға дейін: Черногория президенті ресми сапармен келді

19.06.2026, 13:17

Балқандағы шағын мемлекеттердің бірі саналатын Черногорияның президенті Яков Милатович Астанаға ресми сапармен келді. Алғаш қарағанда бұл жаңалық Қазақстанның сыртқы саясатындағы соншалықты салмақты оқиға болмауы да мүмкін. Алайда, геосаясатта мемлекеттердің көлемі емес, олардың стратегиялық маңызы шешуші рөл атқаратыны анық. 

Черногория – халқы бір миллионға да жетпейтін, бірақ НАТО мүшесі әрі Еуропалық одаққа мүшелікке ең жақын тұрған Балқан елдерінің бірі. Бүгінде Еуропа жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырып жатқан шақта Подгорица мен Астана арасындағы байланыстардың нығаюы Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.

Президент Яков Милатовичтің бұл сапары кездейсоқ емес. Ол Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. 

Қазақстан үшін Черногория ең алдымен Балқан аймағына шығатын қосымша дипломатиялық және экономикалық көпір. Ал Черногория үшін Орталық Азиядағы ең ірі экономика саналатын Қазақстан жаңа инвестициялар мен нарықтарға жол ашатын серіктес. 

Қазақстан мен Черногория арасындағы сауда айналымы әзірге айтарлықтай көп емес. Жыл басынан бері арадағы алыс-беріс небәрі 260 мың АҚШ доллары көлемінде. Есесіне, барыс-келіс көбейген. Черногория бүгінде Еуропадағы ең танымал демалыс орындарының біріне айналды. Адриатика жағалауындағы Будва, Котор және Свети-Стефан секілді курорттар жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды. Қазақстандық туристердің де бұл елге қызығушылығы артып келеді.

2021 жылдан бері екі ел арасында тікелей әуе рейстері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 110 мыңнан астам жолаушы тасымалданған. Тек өткен жылдың өзінде Черногорияға 8 мыңнан астам қазақстандық турист барған. Саяхатшылар үшін қосымша мүмкіндік беретін жазғы визасыз режим де жұмыс істейді. Мамырдан қазанға дейін Қазақстан азаматтары Черногорияға визасыз кіріп, ел аумағында 30 күнге дейін бола алады.

Бүгін тараптар жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасын талқылайды.