homepage
фото: FiFA

Джонатан Дэвидтің бенефисі немесе кезекті кездесулер нәтижесі

19.06.2026, 10:03

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының А тобында кеше өткен Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) құрамаларының кездесуі 1:1 есебімен тең аяқталды. АҚШ-тың Атланта қаласындағы стадионда өткен бұл ойында қос команда турнирдегі алғашқы ұпайларын еншіледі. Матч бастала сала Чехияның ұлттық құрамасы жылдам гол соқты. Ойын басталған бойда чехтар қарсыластар қақпасына бірден лап берді. Кездесудің небәрі 50-секундта Патрик Шиктің баспен бағыттаған соққысы қиыс кеткенімен, 6-минутта ОАР қорғанысының қателігін тиімді пайдаланған Михал Садилек есеп ашып, Чехияны алға шығарды. Бұл биылғы мундиальдағы ең ерте соғылған гол болып тіркелді.

Бірінші таймның соңында және екінші таймның басында Чехия құрамасында есепті еселейтін бірнеше жақсы мүмкіндіктері болған. Владимир Дарида мен Патрик Шиктің соққылары діттеген жеріне жетпеді. Чехтар есепті ұстап қалуға тырысып, қорғанысқа тым ерте жатып алған. Ал ойынның соңына қарай Оңтүстік Африка футболшылары шабуылды үдетті. Тапело Масеконың бағыттаған соққысы айып алаңының ішінде чехиялық ойыншы Павел Шульцтың қолына тиді. Бас төреші Тори Пенсо пенальти белгіледі. Нүктеге келген Тебохо Мокоена қақпашыны қапы қалдырып, таразы басын теңестірді (1:1). Бұл ОАР-дың соңғы 16 жылдағы әлем чемпионаттарында салған алғашқы голы. Жалпы екі тараптың алма кезек шабуылмен тең дәрежеде өтті. Оған ойынның статистикасы дәлел. Жалпы соққылар бойынша чехтар 14, ал Оңтүсік Африка қарсылас қақпасына 17 доп бағыттады. Бұрыштамалар бойынша есеп тең – 5:5. Дәл соқылар бойынша есеп 3:4 ОАР еншісінде. Екі турдан кейін қос командада да бір-бір ұпайдан бар. Екі құраманың да плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі соңғы турда шешіледі. Соңғы турда Чехия топ көшбасшысы Мексикамен, ал Оңтүстік Африка Оңтүстік Кореямен кездеседі.

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының В тобы аясында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Швейцария мен Босния және Герцеговина құрамаларының кездесуі 4:1 есебімен Швейцарияның жеңісімен аяқталды. Ойынның алғашқы 70 минутында есеп ашылмағанымен, матчтың соңғы бөлігі нағыз голдар шоуына айналды.  Кездесудің алғашқы жартысы қос команда үшін де айтарлықтай қауіпті сәттерсіз, өте сақ ойынмен өтті. Босния құрамасы қорғаныста жинақы ойнап, Швейцарияның шабуылдарына мүмкіндік бермеді. 70-минутта Швейцария бапкері Мурат Якин алаңға Рубен Варгас пен жас шабуылшы Йохан Манзамбиді шығарды. Дәл осы өзгерістер ойын тағдырын толықтай өзгертті. Алаңға шыққанына небәрі 166 секунд болған Йохан Манзамби Варгастың әуелете берген пасынан кейін допты тоқтатпастан шірене теуіп, есеп ашты 1:0.

Осыдан кейін есепті теңестіруге ұмтылған босниялықтардың қорғанысы қожырай бастады. Бреел Эмболоны шалып жыққан босниялық қорғаушы Тарик Мухаремович тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Көп ұзамай-ақ, 84-минутта Рубен Варгас есепті еселеді, 2:0. Соңғы минуттарда дәлірек айтсақ 90-минутта Варгастың пасынан кейін Манзамби дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. Ал 90+3 минутта босниялық Эрмин Махмич керемет соққысымен бір гол жауап қайтарды. 90+7 минутта ойынның ең соңғы секундтарында Швейцария құрамасының капитаны Гранит Джака пенальтиді сәтті орындап, матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп 4:1. Бұл жеңістен кейін Швейцария құрамасы 4 ұпаймен В тобында көш бастады. Босниялықтардың еншісінде 1 ұпай ғана бар. Келесі шешуші турда Швейцария Канадамен, ал Босния құрамасы Катармен өткізеді. 

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының В тобы аясында Ванкуверде өткен Канада мен Қатар құрамаларының кездесуі 6:0 есебімен Канаданың тарихи әрі ірі жеңісімен аяқталды. Бұл Канада ерлер құрамасының өз тарихындағы әлем чемпионаттарында алған ең алғашқы ірі жеңісі ретінде тарих беттеріне жазылды. Алайда, бұл матч алаңдағы ірі есеппен ғана емес, Қатар құрамасының қос қызыл қағазымен және ойыншының ауыр жарақат алғанымен есте қалмақ.

Ойын басталғаннан-ақ алаң иелері жоғары прессингпен Қатар қорғанысын қыспаққа алды. 16-минутта Джонатан Дэвидтің соққысынан кейін қақпашы қайтарған допты Кайл Ларин қақпаға бағыттап, есеп ашты 1:0. Бұл кездесу таза Джонатан Дэвидтің бенефисі болды. Ол 29-минутта айып алаңының ішінде допты тоқтатпастан әдемі соққысымен есепті еселеді 2:0. Канадалық шабуылшы Тейджон Бьюкенен қақпашымен жеке шығар тұста оны шалып жыққан қатарлық қорғаушы Хомам Ахмед қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осыдан кейін, бірінші таймның қосымша уақытында Джонатан Дэвид тағы бір гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Кездесудің 51-минутта қатарлық Ассим Мадибо канадалық жартылай қорғаушы Исмаэль Конеге қарсы өте дөрекі ойнады. Коне аяғынан ауыр жарақат алып, оны алаңнан зембілмен алып кетуге мәжбүр болды. Төреші VAR-ды қарағаннан кейін Қатар ойыншысы Ассим Мадибоға қызыл қағаз көрсетті, осылайша Азия чемпиондары алаңда 9 ойыншымен ғана қалды. Жарақат алған Коненің орнына алаңға шыққан жас талант Натан Салиба 64-минутта айып соққысын мінсіз орындап, есепті 4:0 қылды және голын жарақаттанған Конеге арнап, оның жейдесін көтерді. 75-минутта канадалық Джейкоб Шаффелбургтің қысымынан кейін қатарлық қорғаушы Мохамед Аль-Маннаи өз қақпасына гол соғып алды, 5-0. Ойынның соңғы секундтарында (90+2 минут) Джонатан Дэвид гол соғып, матчта хет-трик авторы атанды және қорытынды есепті 6:0-ге жеткізді. Осы ірі жеңістен кейін Канада құрамасы доп айырмашылығының арқасында (+6) 4 ұпаймен В тобында көш бастады. Бұл нәтиже Канаданы плей-офф кезеңіне шығуға жақсы жол ашып берді. Осы топтың тағдыры шешілетін келесі турда Канада мен Швейцария кездесетін болады. 

2026 жылғы әлем чемпионатының А тобындағы орталық матчтардың бірі Мексика мен Оңтүстік Корея құрамаларының кездесуі Гвадалахарадағы «Акрон» стадионында өтіп, 1:0 есебімен Мексиканың жеңісімен аяқталды. Бұл тартысты ойын алаң иелеріне мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алуға мүмкіндік берді. Ойынның басы өте қарқынды басталды. Оңтүстік Кореяның жұлдызды ойыншысы Ли Кан Ин мексикалық Луис Ромоға қарсы дөрекі ойнағаны үшін матчтың небәрі 4-минутында сары қағаз алды. Кореялықтардың көшбасшысы Сон Хын Мин допты қақпашының үстінен асыра тастап, гол соғуға өте жақын қалған. Алайда, Мексика құрамасының капитаны Эдсон Альварес қайшылап теуіп, допты қақпа сызығынан кері қайтарды. Кейіннен Сонның оффсайдта болғаны белгілі болса да, бұл сәт матчтың ең әдемі қорғаныс үлгісі ретінде бағаланды. Бірінші тайм 0:0 есебімен тең аяқталған соң, екінші кезеңнің басында Оңтүстік Корея қақпашысы Ким Сын Гю өрескел қателік жіберді. Ол Рауль Хименестің баспен бағыттаған соққысынан кейін допты ұстай алмай, жерге түсіріп алды. Қақпа алдында дайын тұрған Луис Ромо бос қалған қақпаны дәл көздеп, есеп ашты 1:0. Ойынның соңына дейін азиялық ұжым есепті теңестіру үшін барын салды, бас бапкер Хон Мён Бо алаңға Хван Хи Чхан мен О Хён Гюді шығарып, шабуылды күшейтті. Дегенмен, Мексика қорғанысы сыр бермей, маңызды 3 ұпайды сақтап қалды. Осы жеңістен кейін Мексика құрамасы 6 ұпаймен А тобында жеке дара көш бастады. Және келесі кезеңге толық өтіп тұр. Ал Оңтүстік Корея 3 ұпаймен екінші орында қалды. Топтың соңғы турында Оңтүстік Корея ОАР құрамасымен плей-офф жолдамасын сарапқа салады.

Бекәлі Жәдік