homepage
ҚР Бас прокуратурасы

Степногорскіде балалардың жеке дерегі интернетке жарияланған

19.06.2026, 10:24

Степногорск қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың дербес деректерін заңсыз жариялау фактілерін анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Тексеру барысында кейбір мектеп пен білім бөлімінің интернет-ресурстарында 165 оқушыға қатысты жеке мәліметтер ашық түрде орналастырылғаны белгілі болды.

Атап айтқанда, құжаттарда балалардың аты-жөні, оқитын білім беру ұйымы және әлеуметтік мәртебесі туралы ақпарат көрсетілген.

Жарияланған мәліметтердің арасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ қорғаншылықтағы балалар туралы деректер де болған.

Бұл ақпараттың ашық қолжетімділікте болуы олардың әрі қарай таралу қаупін тудырған.

Прокуратураның қадағалау актісі негізінде заңбұзушылықтар жойылып, кәмелетке толмағандардың жеке деректері интернеттен алынып тасталды.

Сонымен қатар, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қала прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау және дербес деректер туралы заңнаманың сақталуын бақылау жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.