homepage
ҚР Спортты дамыту дирекциясы

Назым Қызайбай Қазақстан қоржынына әлем кубогының екінші медалін салды

18.06.2026, 17:17

Қазақстанның үш дүркін әлем чемпионы, боксшы Назым Қызайбай Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалда қазақстандық спортшы Польша өкілі Виктория Рогалинскамен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы раундында Назым барлық төрешінің шешімімен басым түсті. Екінші раундта бес төрешінің үшеуі қарсыласына басымдық бергенімен, шешуші кезеңде қазақстандық боксшы қайтадан басымдық танытты.

Нәтижесінде Назым Қызайбай қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты.

Турнир ережесіне сәйкес, жартылай финалға шыққан спортшылар кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етеді. Себебі жарыста үшінші орын үшін жеке кездесу өткізілмейді.

Қазақстанның ең атақты боксшы қыздарының бірі

32 жастағы Назым Қызайбайдың еншісінде әлем чемпионаттарының бес жүлдесі бар. Оның үшеуі – алтын медаль. Сондай-ақ ол 2024 жылғы Париж Олимпиадасы қола жүлдегері атанған.

Осылайша Назым Қызайбай Қазақстан құрамасының Қытайдағы Әлем кубогындағы екінші медалін қамтамасыз етті. Бұған дейін +80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Дина Исламбекова де жартылай финалға шығып, жүлдені кепілдеген болатын.

Айта кетейік, Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңі 21 маусымда аяқталады. Ал Қазақстан құрамасы сапынан Нұрбек Оралбай, Санатали Төлтаев, Сабыржан Аққалықов, Серік Теміржанов, Тимур Қабдешев және Наталья Богданова жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.