Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Алайда соңғы мәліметтерге сәйкес, жол апаттарынан қаза тапқандар саны біртіндеп азайып келеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еnergyprom.kz жазуынша, 2026 жылдың алғашқы бес айында елімізде 12,2 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен шамалас көрсеткіш.
Сонымен қатар жол апаттарынан қаза тапқандар саны азайған. Биыл қаңтар-мамыр аралығында жолдарда 600 адам көз жұмса, былтыр осы кезеңде 740 адам қайтыс болған. Жарақат алғандар саны да 16,6 мыңнан 16,1 мың адамға дейін төмендеген.
Жол апаты ең көп тіркелген өңірлердің көшін Алматы қаласы бастап тұр. Мегаполисте бес ай ішінде 3 мың жол-көлік оқиғасы болған. Бұл республика бойынша барлық апаттардың төрттен біріне жуық. Одан кейін Алматы облысы (1,2 мың) мен Астана қаласы (964) орналасқан.
Ең көп адам қай облыста қаза тапқан?
Апат саны бойынша Алматы көш бастап тұрғанымен, адам өлімі бойынша жағдай мүлде басқа.
Биылғы бес айда Түркістан облысында жол апаттарынан 100 адам қаза тапқан. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Алматы облысы (84 адам) мен Жамбыл облысы (58 адам) тұр.
Осы үш өңірдің үлесіне Қазақстандағы барлық жол апатынан болған өлім-жітімнің 40 пайыздан астамы тиесілі.
Салыстырмалы түрде айтсақ, жол апаты ең көп тіркелген Алматыда 22 адам, ал Астанада 11 адам ғана көз жұмған.
Түркістан облысында әр алтыншы апат өліммен аяқталған
Сарапшылардың ерекше алаңдаушылығын туғызған көрсеткіш – өліммен аяқталған жол апаттарының үлесі.
Ел бойынша бес айда 463 өлімге әкелген жол апаты тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз.
Алайда Түркістан облысында жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Өңірде 76 жол апаты адам өлімімен аяқталған. Яғни тіркелген барлық жол апатының 16,5 пайызы немесе шамамен әр алтыншысы қайғылы жағдайға ұласқан.
Бұл көрсеткіш бойынша Қарағанды облысы (15,8%), Солтүстік Қазақстан облысы (8,2%), Жамбыл облысы (6,9%) және Алматы облысы (6%) кейінгі орындарда тұр.
Ал Алматы қаласында мұндай көрсеткіш небәрі 0,4 пайызды, Астанада 1 пайызды құраған.
Мамандардың пікірінше, елімізде жол апаттарынан болатын өлім-жітім азайып келе жатқанымен, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті.
Әсіресе Түркістан облысындағы көрсеткіштер алаңдаушылық туғызады. Өңір жол апаттарынан қаза тапқандар саны бойынша да, өліммен аяқталған жол-көлік оқиғаларының саны бойынша да республикада көш бастап тұр.