homepage
mgorod.kz

Сәрсемәлиевтің қолынан қаза тапқан отбасының туыстары 70 млн теңге талап етті

18.06.2026, 16:47

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесінде жәбірленуші тарап 70 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы азаматтық талап қойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

«Мой город» порталының жазуынша, талапты сотта қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шылмағамбетова ұсынды.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға отбасы мүшелеріне ауыр соққы болған. Марқұмдардың туыстары ем қабылдап, жерлеу рәсімдері мен ас беру шығындарын көтеруге мәжбүр болған.

«70 млн теңге өндіруді талап етеміз»

Жәбірленуші тараптың мәліметінше, төрт адамның қазасынан кейін отбасы айтарлықтай материалдық шығынға ұшыраған. Сонымен қатар бұрынғы шаруашылықтағы мал-мүліктің де сатылып кеткені айтылды.

Сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев талаппен келісетінін мәлімдеді. Алайда ол мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

«Талапты толық мойындаймын. Бірақ бұл қаражатты қайтара алатыныма кепілдік бере алмаймын. Алда мені өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр», – деді ол сотта.

Судьяның сұрағына жауап берген айыпталушы «Менің жалғыз байлығым – қалған өмірімдегі күндер ғана» деп мәлімдеді.

Елді дүр сілкіндірген қылмыс

Еске салсақ, биыл қаңтар айында Атырау облысының Қызылқоға ауданында ерлі-зайыпты зейнеткерлердің мәйіті пышақ жарақаттарымен табылған болатын.

Кейін олардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева мен күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланды. Ақбаян бастапқыда хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған.

Арада уақыт өткен соң қаза тапқан ерлі-зайыптылардың тағы екі баласы – Наурыз бен Мирамгүлдің денелері табылды. Күдіктілер Индонезияның Ломбок аралында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.

Тергеу барысында Сұлтан Сәрсемәлиев балаларды өлтіргенін мойындап, олардың жерленген орнын көрсеткен. Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.

Айта кетейік, марқұмдардың кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылған. Оған қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалған, оның қорытындысы әлі жарияланған жоқ.