Қазақстан Үкіметі 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйақы төлеу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен екі спортшы мен бес жаттықтырушыға жалпы сомасы 250 миллион теңгеден астам сыйақы берілген.
Шайдоровқа – 122 млн теңге
Қысқы Олимпиада чемпионы атанған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа заңнамаға сәйкес 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төленді. Бұл шамамен 122 миллион теңгеге тең.
Ал конькимен жүгіруден Олимпиадада алтыншы орын алған Надежда Морозоваға 5 мың АҚШ доллары немесе шамамен 2,5 миллион теңге берілді.
Сондай-ақ спортшылардың алғашқы, жеке және бас жаттықтырушыларына да ақшалай сыйақылар төленген.
Олимпиадашыларға тегін пәтер беріледі
Министрлік мәліметінше, Олимпиада жүлдегерлеріне қосымша қолдау шаралары да қарастырылған.
Атап айтқанда, жергілікті әкімдіктер спортшыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді. Алайда пәтерлердің нақты қашан табысталатыны әзірге белгісіз.
Еске салсақ, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмағанын мәлімдеп, бұл мәселе қоғамда қызу талқыланған болатын.
Кейін Туризм және спорт министрлігі спортшымен жаңа келісімшарт жасалғанын хабарлап, қаржыландыруға қатысты мәселенің шешілгенін мәлімдеді.