homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанда бес күнде 500-ден астам жалған нөмірлі көлік ұсталды

18.06.2026, 15:20

Қазақстанда заңды белшесінен басып, айыппұлдан жалтарып жүрген жүргізушілерге қарсы шара қолданылып жатыр. Ішкі істер органдары бірнеше күн ішінде республика көлемінде мыңдаған заңбұзушылықтың бетін ашты. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Бес күнде 22 мың заңбұзушылық тіркелген

Polisia.kz берген мәліметке сүйенсек, 10-14 маусым аралығында өткен республикалық рейдтік іс-шаралардың нәтижесі шошытарлық. Нөмірін жасырып, жауапкершіліктен қашқысы келгендердің айласы іске аспады:

  • 500-ден астам көлік жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып жүрген жерінен анықталды.
  • 1,5 мыңнан астам автокөлік тіпті мемлекеттік нөмірсіз-ақ тайраңдап жүрген.
  • 22 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді.
  • 2,5 мыңға жуық автокөлік заң бұзғаны үшін айып тұрағына тоғытылды.

«Аталған фактілер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану көбіне қасақана сипатқа ие екенін және құқықбұзушылықтар үшін жауаптан жалтару мақсатында қолданылатынын көрсетеді», – деді Арай Төлегенқызы.

ІІМ ескертуі

Министрлік өкілдері елде «Заң мен Тәртіп» қағидаты қатаң сақталатынын және кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» саясаты қолданылатынын мәлімдеді. Пысықай жүргізушілердің бейнебақылау камералары мен полицияны алдамақ болған әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады.