Бүгін көрішлес Өзбекстан құрамасы футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіндегі өзінің тұңғыш матчын өткізді. Тұңғыш голын да салды. Бірақ бұл доп ойынның нәтижесіне әсер ете алмады.
Колумбиямен ойынға командадағы футболшылар ғана емес, бүкіл өзбек елі ерекше дайындалды. Тіпті Президент Шавкат Мирзиеев бүгінгі жұмыс күнін әдеттегіден бір сағат кеш бастауға рұқсат та берді. Өзбекстанның өз ішінде футбол көретін арнайы жерлер жабдықталды. Мәселен, Тәшкендегі «Бунедкор» стадионында бір мезетте 10 мың адам жиналып, алғашқы мачты тамашалады. Бұдан бөлек, осындай ондаған көрсетілім алаңдары ұйымдастырылды.
К тобында сынға түсіп жатқан Өзбекстан Колумбияға 3-1 есебімен есе жіберді. Бірінші болып 42-минутта колумбиялық Даниель Муньос әріптесі Луис Диастан келген допты қақпаға дөп түсірді. Ойынның екінші кезеңінде, 60-минутта өзбекстандық шабуылшы Аббосбек Файзуллаев жоғарыда айтылған өзбек футболындағы тарихи голды соғып, есепті теңестірді. Дегенмен арада бес минуттай өткен кезде Луис Диас гол соғып, Колумбияны қайтадан алға шығарды. Ал 90 плюс 9-минутта Хаминтон Кампас үшінші допты соғып, ойынның нүктесін қойды.
Осы топтың айқын фавориті саналған Португалия құрамасы алғашқы кездесуінде-ақ сүрінді. Криштиану Роналду бастаған жұлдызды команда Конго Демократиялық Республикасын жеңе алмады. Бар-жоғы алтыншы минутта Невеш есеп ашқанда Португалия үшін бұл осы ойындағы алғашқы әрі соңғы гол болады деген ешкімнің миына кірмеген нәрсе еді.
Бірінші таймның негізгі уақыты бітіп, қосымша берілген 5 минут та аяқталар сәтте Висса есепті теңестіріп кетті. Осы 1-1 есебі ойын біткенше өзгерген жоқ. Доп ұстау жағынан 75 проценттік көрсеткішпен айқын басымдық танытқанына қарамастан Португалия Конгоның есін шығаратындай алақұйын ойын көрсете алмады. 90 минут бойы қақпаға қарай бар-жоғы 7-ақ доп тепкен екен, соның біреуі ғана тура бағытталыпты, ойынның басындағы Невештің голы, одан басқа бір де бір тура соққы жасамаған. Қайта конголықтар екі тура соққы жасады. Сонымен сүреңсіз өткен ойын тең аяқталды. Конголықтар үшін бұл, әрине, үлкен жетістік.
Бүгін сондай-ақ L тобындағы командалар да әлем біріншілігіндегі жорығын бастады. Шу дегеннен-ақ Англия мен Хорватия допты қақпаға топырлатып тоғытып тастады. Өте көңілді өткен ойында алты бірдей гол соғылды. Харри Кейн дегеніне жетті, Месси, Мбаппе, холандтардан қалыспай, ол да дубль жасады. 12-минутта пенальтиден есеп ашты.
Айта кету керек, Кейн пенальтиді екі рет тепті, алғашында қақпашы қайтарған еді, бірақ төреші жағдайды видеоқайталаудан қайта қараған соң, 11 метрлік дұрыс орындалмады деп, Кейнге тағы бір мүмкіндік берді, екінші жолы әрине ол мүлт кетпеді. 36-минутта ховат Мартин Батурина есепті теңестірді. 42-ші минутта Харри Кейн дубль жасады, үш минут өтпей жатып ховатиялық Летар Муса есепті тағы да теңестіріп кетті. Бірінші тайм 2-2 болып аяқталды.
Екінші таймды ағылшындар өте белсенді бастады. Алдымен 47-минутта Джуд Беллингем, 85-ші минутта Маркус Рэшфорд бір-бір голдан соғып 4-2 есебімен Англия жеңіске жетті.
Осы топтағы екінші матч Гана мен Панама арасында өтті. Канаданың Торонто қаласында өткен ойында африкалықтар жеңіске жетті. Жалғыз голды ганалық футболшы Калеб Ийренки 95-минутта соқты. Негізі Панамда гол соғатын біраз мүмкіндіктер болған еді, бірақ ганалық қақпашы Бенджамин Асаре бірнеше мәрте өз командасын құтқарып қалды. Есеп: 1-0.
Бүгінгі турдың ойындарын Чехия мен Оңтүстік Африка бастайды. Сондай-ақ Швейцария мен Босния мен Герцеговина, Канада мен Катар және Мексика мен Оңтүстік Корея кездеседі.
БЕКӘЛІ ЖӘДІК